Ақтөбе облысында жол бойындағы сервистік нысандардың сапасы мен қолжетімділігіне бақылау күшейтіледі. Өңірдегі барлық нысанға кешенді тексеру жүргізіліп, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін және жұмыс істемей тұрған кешендердің жағдайы зерделенеді. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Жиында өңірдегі жол бойындағы сервисті және туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды.
Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің мәліметінше, облыста жалпы сыйымдылығы 6 мыңнан астам төсек-орындық 120 жол бойындағы сервистік нысан жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оларда 100 мыңға жуық адамға қызмет көрсетілген. Оның ішінде 11 мыңнан астамы – шетелдік туристер. Көрсетілген қызмет көлемі 2,8 млрд теңгені құрады.
Нысандардың басым бөлігі «Самара – Шымкент», «Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы» және «Ақтөбе – Орск» автожолдарының бойында орналасқан.
📍 Биыл Ырғыз, Темір және Байғанин аудандарында үш жаңа нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін кемпингтер, кафелер, дүкендер және автокөлік жүргізушілеріне арналған өзге де қызмет көрсету орындарын іске қосу жоспарланған.
Ал 2027 жылы облыс аудандарында кемпингтер, қонақүй, жанармай және газ құю станциялары, сондай-ақ жүк көліктеріне арналған мамандандырылған терминал салу көзделіп отыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, өңірдегі жол бойындағы сервистік нысандардың 117-сі ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 84%-дан 91%-ға дейін өскен. Биыл кемпингтер, кафелер, жанармай және газ құю станцияларын қоса алғанда, 8 жаңа нысан ашылды. Сонымен қатар облыстың республикалық маңызы бар автожолдарында 4 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істейді.
🔹 Мәселені талқылау барысында Асхат Шахаров жол бойындағы нысандар санын көбейтумен ғана шектелмей, көрсетілетін қызмет сапасына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымның нақты жағдайы статистикалық көрсеткіштермен емес, нысандардың жұмыс істеу сапасы мен халыққа қолайлылығы арқылы бағалануы тиіс.
«Өңірдің транзиттік әлеуетін ескере отырып, жол бойындағы сервис заманауи талаптарға сай болуы керек. Жүргізушілер мен жолаушылар қауіпсіз тоқтап, тынығып, қажетті қызметтерді ала алуы тиіс. Жаңа нысандар салумен қатар, қолданыстағы кешендердің де тиісті жағдайда болуын қамтамасыз ету маңызды»,
– деді облыс әкімі.
Отырыс қорытындысы бойынша Асхат Шахаров бейінді басқармаларға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жол бойындағы барлық сервистік нысанға кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.
Атап айтқанда, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін нысандардың жағдайын жақсарту, жұмыс істемей тұрған кешендердің қызметін қайта жандандыру және жол бойындағы сервис жеткіліксіз орналасқан учаскелерге инвесторлар тарту мәселесін пысықтау міндеттелді.
Сонымен қатар санитарлық тораптардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жеңіл және жүк көліктеріне арналған қауіпсіз тұрақ орындарын жабдықтау, автожолдар бойындағы қызмет көрсету сапасына бақылау күшейтілмек.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









