Абай облысында педагогтерге арналған семинар өтті

    Терроризмге және экстремизмге қарсы күрес бағытындағы адам бойындағы радикалды көзқарастарды ерте анықтау, деструктивті идеологияларға қарсы тұру және жастардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыру педагогтерге арналған семинардың негізгі тақырыбына айналды. Қатысушылар қазіргі қауіп-қатерлерді, олардың алдын алу жолдарын және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы ағартушылық жұмыстың маңызын талқылады.

    Семинар Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, теологтер, ғалымдар, психологтер мен бейінді мекемелердің мамандары қатысты. Олар тәжірибе алмасып, діни радикалданудың өзекті мәселелерін қарастырды және халық арасында профилактикалық жұмыс жүргізудің тиімді құралдарын талқылады.

    Абай облысының дін істері басқармасының басшысы Нұржан Есенжолов жастарға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жас ерекшелігі мен өмірлік тәжірибенің жеткіліксіздігі салдарынан жастар радикалды ықпалға тез берілуі мүмкін.

    – Бүгінде қауіпсіздік мәселесі ерекше өзектілікке ие. Пайда болған қауіп-қатерлерге дер кезінде жауап беріп, қоғамдағы өзгерістерді ескере отырып, халықпен барлық деңгейде профилактикалық жұмыс жүргізу маңызды. Сонымен қатар азаматтардың бірде-бір өтініші жауапсыз қалмауы керек. Бұл – біздің басты міндетіміз. Әсіресе жастарға, олардың дүниетанымы мен азаматтық ұстанымын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлу қажет. Жастардың білімді, рухани дамыған, ниеті таза әрі айналасына құрметпен қарайтын азамат болып өсуі маңызды. Бүгін өскелең ұрпақтың бойына қандай құндылық сіңірсек, болашағымыз да соған байланысты, – деді Нұржан Есенжолов.

    Сондай-ақ басқарма басшысы ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының еңбектері уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайтын маңызды адамгершілік және өмірлік бағдар болып қала беретінін айтты.

    – Бүгінде жастар санасына манипуляциялық ықпал етуі мүмкін материалдарды қоса алғанда, түрлі контентке жиі кезігеді. Сондықтан сыни ойлау қабілетін дамыту, манипуляцияны ажырата білуге және келіп түскен ақпаратты дұрыс бағалауға үйрету қажет. Сонымен бірге жұмысымыздың негізінде адамға, оның сенімі мен көзқарасына деген құрмет жатуы тиіс. Абай әр адамға бауырындай қарауды өсиет еткен. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Көзқарасы мен сеніміне қарамастан, бір-бірімізге құрметпен қарап, адамгершілікті сақтап, әділдікке ұмтылуымыз керек. Абайдың шығармалары, өлеңдері мен қара сөздерінде бүгін де маңызын жоғалтпаған құнды адамгершілік қағидаттар бар. Оларды жастармен тәрбие жұмысында пайдаланып, бойларына жауапкершілік, айналасына құрмет және жалпыадамзаттық құндылықтарға адалдық қасиеттерін сіңіру қажет, – деп атап өтті Нұржан Есенжолов.

    Теолог Тимур Нүсіпханұлы радикалды көзқарасты ұстанатын адамдардың бүгінде сыртқы келбеті жағынан айналасындағылардан ерекшеленбеуі мүмкін екенін айтты. Соған қарамастан, олар өз ұстанымдарын сақтап қана қоймай, оны өзгелерге таратуға да бейім. Тіпті заңды жазаға тартылу да олардың көзқарасын өзгерте бермейді.

    – Мен бұл салада он жылдан астам уақыт жұмыс істеп, Қазақстанның түрлі өңірлерінде болдым. Теология бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіп, радикалдану мәселелерін, оның ішінде халықаралық деңгейдегі үдерістерді зерделеймін. Сондай-ақ шетелдік сарапшылармен де байланыс орнатқанмын. Бұл тақырыпты үнемі зерттеп отыру қажет. Себебі радикалды қозғалыстар өздерінің тәсілдері мен әдістерін өзгертіп отырады. Бұрын олардың өкілдерін сыртқы белгілеріне қарап шартты түрде ажыратуға болатын болса, бүгінде радикалды көзқарасын сақтағанымен, сырт келбеті айналасындағы адамдардан еш ерекшеленбейтін жандар да бар, – деді Тимур Нүсіпханұлы.

    Маманның айтуынша, профилактикалық жұмысты адам радикалды идеологияның ықпалына толық түспей тұрып бастаған жөн.

    – Деструктивті көзқарастар адамның санасында біртіндеп қалыптасады. Егер сана радикалды идеологияның ықпалына түсіп кетсе, оны өзгерту өте қиын. Өз тәжірибемде 8 мыңнан астам адаммен жұмыс істедім. Қазақстанның барлық дерлік өңірінде болып, жергілікті жағдайды зерттедім. Бұл бағытта ақпараттық материалдар, әдістемелік құралдар мен кітаптар әзірлеумен де айналысамыз. Түзеу мекемелерінде қолданылатын материалдарды қоса алғанда, бірқатар ақпараттық және әдістемелік басылымдарды дайындауға, редакциялауға қатыстым. Профилактикалық жұмысты адам қылмыс жасап, түрмеге түскен кезде ғана бастауға болмайды. Қоғамда жүрген адамдармен, олардың отбасыларымен және балаларымен алдын ала жұмыс жүргізу қажет, – деді теолог.

    Семинар барысында мамандар радикалды идеологияның ықпалы әрдайым сыртқы келбеттен байқала бермейтінін де атап өтті. Мұндай көзқарасты ұстанатын адам айналасындағылардан ерекшеленбеуі, күнделікті өмірде қалыпты тіршілік етуі, қоғамдық орындарға барып, интернетті пайдалануы мүмкін. Яғни ол кез келген адам сияқты көрінуі ықтимал.

    Іс-шара соңында педагогтер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Сонымен қатар мұғалімдерге радикализмнің алдын алу бағытында арнайы тренингтер өткізілді.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары