Шымкент қаласында қазақ вальсінің королі, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған «Ән аға – Жан аға» атты концерттік кеш өтті.
Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұйымдастырған өнер кешінің мақсаты – композитордың таңдаулы әндерімен қатар, бұрын-соңды сахнада орындалмаған туындыларын көрермен назарына ұсыну.
Әуезді ән мен ұлттық өнердің үндестігін айшықтаған кеш Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің, «Алаш» вокалды-аспаптық ансамблінің, «Тұмар» фольклорлық ансамблінің және скрипкашылар оркестрінің сүйемелдеуімен өрбіді.
Концертте Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, филармонияның танымал әншілері, сондай-ақ «Фараб» және «Ғасыр» би ансамбльдері өнер көрсетті.
Кештің басты ерекшелігі – көрермендердің Шәмші әндерін тыңдап қана қоймай, әр шығарманың мазмұнын ашатын ерекше сахналық қойылымдарды тамашалауында болды.
Сондай-ақ бұрын-соңды көпшілікке ұсынылмаған «Бір әнім», «Ерлердің Отаны» сынды тың туындылардың орындалуы және композитор әндерінің шет тілінде шырқалуы кештің тарихи әрі тағылымдық маңызын арттыра түсті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









