Маастрихт, 2026 жылғы 13 қараша– 12 қарашада Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшісі Ақан Рахметуллин халықаралық академиялық ортасымен және білім берудегі инновациялық тәсілдерімен танымал, елдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі – Маастрихт университетіне барды.
Анықтама: Маастрихт университеті (Maastricht University) 1976 жылы құрылған және 2026 жылы өзінің 50 жылдығын атап өтуде. Ол Нидерландтағы халықаралық бағыттағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Университетте 22 мыңнан астам студент білім алады, олардың шамамен 62%-ы – 120-дан астам ұлт өкілдерінен құралған шетелдік студенттер. Университет алты факультеттен тұрады және проблемалық-бағдарланған оқытудың (Problem-Based Learning) инновациялық жүйесімен танымал.
Сапар басында Елші заң факультетінің деканы, профессор Рональд Янсемен (Ronald Janse) және халықаралық жария құқық кафедрасының доценті Фабиан О. Раймондомен (Fabián O. Raimondo) кездесті. Тараптар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде жоғары оқу орындары арасында тікелей байланыстар орнату, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ халықаралық құқық және халықаралық қатынастар салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Заң факультетінің шақыруымен А. Рахметуллин университет студенттері мен оқытушылары алдында «Өзгермелі Еуразиядағы Қазақстан: Ресеймен, Қытаймен және Еуропалық одақпен қарым-қатынастарды үйлестіру» ( Kazakhstan in a Changing Eurasia: Navigating Relations with Russia, China and the European Union) тақырыбында дәріс оқыды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін жылы және Республика күнінен кейін көп ұзамай өткен дәріс елдің тарихи қалыптасу жолын, қазіргі саяси және экономикалық өзгерістерін, сондай-ақ халықаралық қатынастардың өзгермелі жүйесіндегі орнын қамтыды.
Дәрісін бастаған Елші 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын және Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін атап өтті. Ол тыңдаушыларды Ұлы даланың, Ұлы Жібек жолы мен Алтын Орданың бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстырып, олардың еуразиялық байланыстарды дамытудағы және қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Осы орайда Қазақстанда Жошы ұлысы мен Алтын Орда мұрасын зерттеу және дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан халықаралық ғылыми және мәдени іс-шаралар туралы айтылды.
Елдің қазіргі даму кезеңіне тоқтала отырып, А. Рахметуллин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және институционалдық реформалар туралы баяндады. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның күшіне енуі, бір палаталы Парламентке көшу және Халық кеңесінің құрылуы мәселелері қамтылды. Аталған өзгерістердің мемлекеттік институттарды нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Қазақстан Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауына ерекше назар аударылды. Елші онда айқындалған негізгі басымдықтарды, атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті және көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, энергетикалық және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін таныстырды.
Дәрістің негізгі бөлігі халықаралық тәртіптің өзгеруі және геосаяси бәсекелестіктің күшеюі жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясына арналды. Елші еліміздің теңгерімді сыртқы саясаты ұлттық мүдделерді қорғауға, егемендікті сақтауға, халықаралық құқық қағидаттарын ұстануға және түрлі ықпал орталықтарымен прагматикалық қарым-қатынастарды дамытуға негізделетінін атап өтті.
Ресеймен, Қытаймен және Еуропалық одақпен өзара іс-қимылды қарастыра отырып, дипломат осы бағыттардың әрқайсысының ерекшеліктеріне тоқталды. Ол Қазақстанның сыртқы саяси шешімдер қабылдаудағы дербестігін сақтауға, экономикалық байланыстарын әртараптандыруға және ұлттық экономиканың орнықтылығын нығайтуға ұмтылатынын атап көрсетті.
Еуропалық одақпен және Қазақстандағы шетелдік инвесторлар арасында жетекші орындардың бірін иеленетін Нидерландпен стратегиялық әріптестікке жеке назар аударылды. Сындарлы маңызы бар шикізат материалдары, энергетикалық көшу, заманауи технологиялар, орнықты логистика, ауыл және су шаруашылығы салалары одан әрі ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде аталды.
Орталық Азиядағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға, Азия мен Еуропа арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) дамытуға, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелеріне елеулі көңіл бөлінді.
Қазіргі халықаралық сын-қатерлер тұрғысында А. Рахметуллин Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарына, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге, ядролық қарусыздану және оны таратпау қағидаттарына бейілділігін растады.
Дәріс студенттер мен оқытушылардың зор қызығушылығын тудырды. Бұл сұрақ-жауап сессиясы (Q&A) барысында қатысушылардың белсенділігінен айқын көрінді. Ашық пікірталас аясында өзекті геосаяси үдерістер, Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары және Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы рөлі талқыланды. Өткен диалог нидерландтық академиялық қауымдастықтың Қазақстанның тарихи мұрасы, қазіргі реформалары мен халықаралық рөлі туралы түсінігін тереңдетуге, сондай-ақ екі ел арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға ықпал етті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









