Қазақстан ЮНЕСКО-ның нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі V жаһандық форумына қатысты

    1 / 2

    Гаага, 2026 жылғы 29 қазан – Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі Ақан Рахметуллин және «Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай 2026 жылғы 29–30 қазанда Гаага қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі V жаһандық форумының (UNESCO Global Forum against Racism and Discrimination) жұмысына қатысты.

    Іс-шара Нидерланд Үкіметі мен ЮНЕСКО-ның бірлесіп ұйымдастыруымен «Міндеттемелерден жауапкершілікке: жүйені өзгерту, болашақты өзгерту» ( From Commitment to Accountability: Change the System, Change the Future) ұранымен өткізілуде.

    Форумның ашылу рәсіміне Нидерланд Королі Виллем-Александр, Нидерланд Премьер-министрі Роб Йеттен, ЮНЕСКО, Еуропалық комиссия және Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы күрес саласындағы белгілі халықаралық белсенділер қатысты.

    85-тен астам елдің өкілдерін біріктірген Форум нәсілшілдікке, кемсітушілік пен төзімсіздікке қарсы іс-қимыл, теңдікті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және қоғамдық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналды. Кемсітушіліктің алдын алуға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған саяси міндеттемелерді нақты практикалық шараларға айналдыруға ерекше назар аударылды.

    Қазақстанның Форумға қатысуы елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз етуге және өзара құрмет мәдениетін ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік саясатпен үндеседі. Осы қағидаттарды іске асыруда қоғамдық келісім мен азаматтық бірлікті нығайтуға ықпал ететін Қазақстан Халық Кеңесі маңызды рөл атқарады.

    Төзімділік пен өзара құрмет саласындағы халықаралық диалогты дамытуға Қазақстанның бастамасымен құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі елеулі үлес қосып келеді. Атап айтқанда, 2025 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткен VIII Съезд дінаралық өзара түсіністікті нығайту, төзімсіздікке қарсы іс-қимыл және бейбітшілік мәдениетін ілгерілету тұрғысынан аталған алаңның өзектілігі мен маңыздылығын тағы да растады.

    Бұл бағыттағы жұмыстың практикалық жалғасы ретінде 2026 жылғы қазанда Астана қаласында осал жағдайдағы балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға арналған Қазақстан мен Қасиетті Тақтың II бірлескен коллоквиумы, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өткізілді. Аталған іс-шаралар аясында адам қадір-қасиетін қорғау, дінаралық ынтымақтастықты нығайту, жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық аспектілері және жаһандық сын-қатерлерді шешудегі діни қауымдастықтардың рөлі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары