«Кітап оқитын ұлт»: Астанада бесінші сынып оқушысы 1 000-нан астам кітап оқыған

    1 / 12

    Астанадағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның бесінші сынып оқушысы Кәусар Байсқақова бірнеше жыл ішінде ағылшын және орыс тілдерінде жазылған 1 000 кітап оқыған. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен «Мың кітап – бір оқырман» кездесуінде оқушы кітап оқудың сабақ үлгеріміне, оқуға деген ынтасына және өміріне қалай әсер еткені жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Кездесу Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның кітапханасында өтті.

    «Мектебімізде оқушылармен қатар ересектер де қатысатын кітап клубы бар. Сонымен бірге оқушылар өз бастамасымен кітап бұрышын ашты. Бұл бастамалар балалардың сауатын арттырып, кітап оқуға деген қызығушылығын оятуды көздейді.

    Қазір оқушылар уақытының көп бөлігін ұялы телефон мен интернетке арнайды. Сондықтан олардың назарын кітапқа аударып, ұлы ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың еңбектерімен таныстыру, сауатты ұрпақ тәрбиелеу аса маңызды. Біздің мақсатымыз – балалардың кітап оқуды күнделікті дағдысына айналдыру», – деді №78 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Омашева.

    Бесінші сынып оқушысы Кәусар Байсқақованың айтуынша, кітап оқу оның сабақ үлгерімін жақсартып, дүниетанымын кеңейтуге және айналасындағы дүниеге жаңаша көзқараспен қарауға әсер еткен.

    «Бұрын көп нәрсені біле бермейтінмін. Көп кітап оқығаннан кейін талай нәрсені түсініп, жаңа дүниелерді білдім. Көзқарасым өзгерді. Қазір сабағым жақсы, кітап оқудың арқасында оқуға деген ынтам да артты», – дейді оқушы.
    Ол бірнеше жылдың ішінде түрлі жанрдағы 1 000-нан астам кітап оқып үлгерген.

    Кәусардың сүйікті авторларының бірі – Дулат Исабеков. Ал ерекше әсер қалдырған шығармалардың қатарында «Гауһар тас» повесі бар. Оның айтуынша, бос уақытының көп бөлігін телефон мен интернетке арнайтын қазіргі балалар үшін кітап оқудың маңызы ерекше.

    «Меніңше, кітап оқу өз тіліңді білу, біліміңді арттыру және оқу үлгерімің үшін маңызды. Маған қағаз кітаптар көбірек ұнайды. Өйткені электронды кітаптар көзге және денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.

    Қатарластарымның арасында қағаз кітапты да, электронды кітапты да оқитындар бар», – дейді бесінші сынып оқушысы.

    Кездесу барысында оқушылар Кәусардан сүйікті шығармалары, кітап оқу дағдысы және өзгелерге оқуға ұсынатын кітаптары туралы сұрады. Сонымен қатар мұғалімдер оқушыларға Кәусар ұсынған кітаптардың бірін оқып, келесі сабақта алған әсерлерімен бөлісуді тапсырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары