Гаагада Қазақстанның даму басымдықтары таныстырылып, халықаралық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

    1 / 15

    Гаага, 2026 жылғы 30 қазан – Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінде «Өзгермелі әлемдегі Орталық Азия: Қазақстанның көзқарасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Нидерланд Сенатының, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының және Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, оның ішінде Шығыс әріптестігі мәселелері жөніндегі Арнайы өкіл, сондай-ақ елдің іскерлік және академиялық топтарының, талдау орталықтары мен сарапшылық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

    Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара елімізде жүзеге асырылып жатқан заманауи өзгерістерге, Орталық Азияның халықаралық қатынастардағы рөлінің артуына, сондай-ақ Еуропалық одақпен және Нидерландпен ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналды.

    Кездесуді ашқан Қазақстан Елшісі А. Рахметуллин 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына және еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Ол Ұлы дала, Ұлы Жібек жолы және Алтын Орда дәуірлерінің бай тарихи-мәдени мұрасы, сондай-ақ осы мұраны зерттеу мен кеңінен таныту мақсатында Қазақстанда өткізіліп жатқан халықаралық іс-шаралар туралы баяндады.

    Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына ерекше назар аударылды. Елші Жолдауда айқындалған негізгі басымдықтарды, атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, өнеркәсіп пен көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, энергетикалық және су қауіпсіздігін нығайту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағыттарын таныстырды.

    Дипломатиялық миссия басшысы сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне енуі, бір палаталы Парламентке көшу және Халық кеңесінің құрылуы туралы баяндады. Ол аталған реформалардың мемлекеттік институттарды нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғанын атап өтті.

    Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталған Елші Орталық Азияның геосаяси және геоэкономикалық маңызының артып келе жатқанын, Қазақстанның өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға және Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Еліміздің халықаралық құқық қағидаттарына, көпжақты дипломатияға және сындарлы диалогқа бейілділігі ерекше атап көрсетілді. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне, БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосқан үлесі, сондай-ақ Президент Қ. Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау және жаһандық сын-қатерлерді шешудегі орта державалардың рөлін күшейту жөніндегі бастамалары таныстырылды.

    Іс-шараға шақырылған спикерлер ретінде GeoStrat талдау орталығының директоры Р. Гиаси, Kazakh Tourism ұйымының Нидерландтағы өкілі әрі Kazakhstan Reizen компаниясының негізін қалаушы А. Лангедейк, сондай-ақ Қазақстанның Нидерландтағы Құрметті консулы Ф. Воссенаар сөз сөйледі.

    Сарапшылық пікірталас барысында қатысушылар Орталық Азиядағы саяси және экономикалық үдерістер, еуропалық серіктестердің өңірге қызығушылығының артуы, сондай-ақ сауда және инвестициялар, ауыл шаруашылығы мен агротехнологиялар, су ресурстарын басқару, энергетика, көлік, логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы қазақстандық-нидерландтық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, су қауіпсіздігі мәселелеріне, сондай-ақ академиялық алмасуларды, ғылыми ынтымақтастықты, өзара туризмді және бірлескен мәдени бастамаларды қамтитын мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.

    Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар сарапшылық диалогты жалғастыруға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік білдірді. Дөңгелек үстелдің өткізілуі нидерландтық аудиторияны Қазақстанның даму басымдықтарымен және халықаралық бастамаларымен таныстыруға, Нидерландтың парламенттік, дипломатиялық, іскерлік және сарапшылық топтарымен байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын ілгерілетуге ықпал етті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары