ПЕРМЬ ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ ШЫМКЕНТПЕН ГУМАНИТАРЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ КЕҢЕЙТУГЕ НИЕТТІ

    1 / 5

    Шымкент қаласына Ресей Федерациясының Пермь қаласының мэрі Эдуард Соснин бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Пермь қаласының басшысымен кездесу өткізіп, тараптар өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және екі қаланың іскерлік топтары арасында тікелей қарым-қатынас орнату мәселелерін талқылады.

    Бұдан кейін ресейлік делегация №2 Оқушылар сарайына барды. Қонақтар білім беру мекемесінің ауқымды аумағына, материалдық-техникалық базасына, заманауи жабдықталуына және мұнда білім алып жүрген балалардың санына ерекше қызығушылық танытты.

    Мекеме басшылығының мәліметінше, бүгінде Оқушылар сарайында шамамен 4800 бала білім алып, 50-ден астам үйірмеге қатысады. Сонымен қатар, мекеме бірқатар жалпы білім беретін мектептермен келісімшарт жасасып, оқушыларға арнайы жабдықталған үйірмелер аясында пәндік сабақтар өткізіп келеді. Мұндай мүмкіндіктер қарапайым мектептердің барлығында бірдей қарастырылмаған.

    Делегация мүшелері вокал үйірмесін, дыбыс жазу студиясын, ұлттық қолөнер және тігін шеберханаларын аралады. Үйірме тәрбиеленушілері дәстүрлі қолөнер техникасын меңгергендерін көрсетіп, қонақтардың көз алдында тұрмыстық бұйымдарға әсем өрнектер мен түрлі-түсті әшекейлер жасады.

    Сондай-ақ, ресейлік қонақтар Оқушылар сарайының бір корпусында орналасқан, жыл бойы балаларды қабылдауға мүмкіндік беретін суы жылытылатын 25 метрлік жабық бассейннің жұмысымен танысты.

    Бұдан бөлек, делегация мүшелері оқушылардың робототехника бағытындағы жобаларына және спортшылардың жаттығу жұмыстарына назар аударды.

    Сапар соңында Пермь қаласының мэріЭдуард Соснин гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, екі қала арасындағы байланыстарды білім беру мекемелері арасында тәжірибе алмасу, бірлескен спорттық жарыстар ұйымдастыру, пәндік олимпиадаларға қатысу және цифрлық технологияларды меңгеру саласындағы озық тәжірибелермен бөлісу арқылы кеңейтуге болады.

    Пермь қаласының басшысы екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға келесі жылы Шымкент пен Пермь арасында тікелей әуе қатынасын ашу да оң ықпал ететінін атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары