ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ САНИТАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Үшарал қаласының аумағында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды.
Аталған рейдке қала әкімдігі аппаратының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы қатысып, құрылыс нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің жұмысына бақылау жүргізді.
Рейд барысында құрылыс алаңдарының ішкі және іргелес аумақтарының санитарлық жағдайы, құрылыс қалдықтарының уақытылы шығарылуы, қоқыстардың жиналмауы және құрылыс материалдарының ретсіз орналастырылмауы назарға алынды.
Сонымен қатар, мердігер мекемелердің өкілдеріне құрылыс алаңдарын таза ұстау, төгілген құм, қиыршықтас, цемент қалдықтарын уақытылы тазарту және қоршаған ортаға зиян келтірмеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ескертулер берілді.
Осы ретте құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан барлық мердігер мекемелер мен жауапты тұлғаларды белгіленген санитарлық талаптарды қатаң сақтауға және өздеріне тиесілі аумақтардың тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Тазалық – баршамызға ортақ міндет! Қаламыздың көркеюі мен тазалығы әрбір тұрғын мен мекеменің жауапкершілігіне байланысты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









