Жетісу облысында бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу деректері анықталуда

    Жетісу облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарға тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.

    Әсіресе, аялдамаларда, көшелерде, саябақтарда және адамдар көп жиналатын басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген азаматтарды анықтауға ерекше назар аударылуда.

    Бейнебақылау барысында полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде аялдамаларда, тротуарларда және өзге де қоғамдық орындарда жатып қалған азаматтарды анықтайды. Мұндай жағдайлар айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, азаматтардың өз өмірі мен денсаулығына да қауіп төндіреді.

    Осындай деректер анықталған жағдайда ақпарат дереу жақын маңдағы патрульдік полиция жасақтарына жолданып, тиісті шаралар қабылданады.

    Жыл басынан бері Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болуға байланысты 1016 құқық бұзушылық дерегі анықталды.

    Құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылдануда.

    Жетісу облысының Полиция департаменті қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде болу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

    Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынбауға және айналасындағылардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарауға шақырады.

    Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы бейнебақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары