Қазақстан мен Германия асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында әріптестікті нығайтады

    1 / 3

    Германияның Ганновер қаласында өткен EuroTier 2026 халықаралық көрмесі аясында Қазақстанның Сүтті және аралас тұқымды мал шаруашылығы қауымдастығы мен асыл тұқымды мал өсіруге маманданған немістің Masterrind GmbH компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

    Құжат жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара малды жеткізу, отандық мал басының генетикалық әлеуетін жетілдіру және Қазақстандағы сүтті мал шаруашылығының өнімділігін арттыру бағыттарында ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға бағытталған.

    Ықпалдастық жолындағы басым бағыттардың бірі - қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін барынша тиімді шарттармен асыл тұқымды мал жеткізуді ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру. Бұл ретте сатып алынатын мал басының құнын оңтайландыру мүмкіндіктері де қарастырылады.

    Шетелдік асыл тұқымды ұйымдармен тікелей әріптестік орнату отандық шаруашылықтардың сапалы асыл тұқымдық қорға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың тиімділігін арттыруға жол ашады.

    Қазіргі уақытта елімізде 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Жоспар аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыру және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту бойынша ауқымды шаралар көзделген.

    Бұл ретте сүтті мал шаруашылығын дамытуға, атап айтқанда, мал басының өнімділігін арттыруға, селекциялық жұмыстың тәсілдерін жетілдіруге және төл өсірудің заманауи технологияларын енгізуге айрықша мән беріледі.

    Осы тұрғыдан алғанда, жетекші шетелдік асыл тұқымды ұйымдармен халықаралық серіктестікті кеңейту саланы жедел дамытудың маңызды тетіктерінің бірі.

    Меморандум Қазақстан мен Германияның мал шаруашылығы ұйымдары арасындағы ықпалдастықты арттырып қана қоймай, отандық асыл тұқымды мал базасын дамытуға және қазақстандық сүтті мал шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тың серпін береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары