Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 12 қараша–Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолияның Ұлттық ғылым университетінің басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
Келіссөз барысында Елші моңғол ғалымдарын Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың басты бағыттарымен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстарымен, сондай-ақ еліміздің ғылым және жоғары білім саласындағы жетістіктерімен таныстырды.
Университет ректоры Ч.Зэгиймаа Қазақстанның ғылыми және білім беру мекемелерімен ынтымақтастық орнатуға және оның ауқымын кеңейтуге мүдделі екенін білдіріп, екі ел арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.
Өз кезегінде Моңғолияның ғылыми қоғамдастығының өкілдері соңғы жылдардағы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын жоғары бағалап, ғылым және білім саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Қос тараптың да мүддесіне сай келетін ғылым және білім беру саласындағы ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Анықтама:Моңғолияның Ұлттық ғылым университеті – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге және ғылыми кадрлар даярлауға маманданған жоғары оқу орны. Университет магистрлер мен ғылым докторларын даярлайды, халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, шетелдік 60-тан астам жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Университет түлектерінің арасында Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері де бар.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









