Спартакиададан тағылымды кездесулерге дейін: Қарағанды облысында ҚР ІІО ардагерлері күніне орай ауқымды шаралар өтті. Бүгін 10 қарашада Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының ардагерлері күні атап өтілуде. Қарағанды облысының Полиция департаменті бұл айтулы оқиғаға айрықша мән беріп, мазмұнды әрі ауқымды іс-шаралар бағдарламасын ұйымдастырды. Айтулы күн салтанатты рәсімнен басталды: департамент басшылығы, жеке құрам және ардагерлер қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қойды. Салтанатты жиынды ашқан Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов тәртіп сақшыларының аға буынын мерекемен құттықтап, олардың кәсіби тәжірибесі мен Отанға деген шексіз адалдығы жастар үшін әрдайым үлгі-өнеге екенін атап өтті. "Сіздер өз өмірлеріңізді бейбітшілікті сақтауға, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнадыңыздар. Талай күрделі кезеңдерден өтіп, қазіргі қазақстандық полицияның қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қостыңыздар. Бүгінде біз сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен берік дәстүрлеріңізге арқа сүйеп келеміз," – деді өз сөзінде Негмет Исмагулов. Мерекелік шаралар бір аптаға созылған кездесулер мен спорттық жарыстардың түйіні болды. Мереке қарсаңында Қарағандыда ардагерлердің қатысуымен танымдық кештер өтті. Ал облыстың ПД Еңбек және жауынгерлік даңқ тарихы мұражайында кадр қызметінің ардагерлері мен жас мамандарын біріктірген ұрпақтар кездесуі ұйымдастырылды. Егемендік алған жылдардағы ведомствоның қалыптасуы мен қызмет жолындағы естеліктерімен Хасен Оспанов, Ержан Уахитов, Бақытжан Ибраев, Айдар Махамбетов, Қанат Қалиев, Баян Ғалиева және Қорлан Ахмеджанова сияқты құрметті ардагерлер бөлісті. Сонымен қатар криминалистикалық қызмет ардагерлерінің ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттарымен кездесуі өтті. Павел Полежаев, Ғалия Сарыбаева, Нұрлан Серікбаев, Керімбай Жашыбеков, Леонид Дорожкин, Владимир Цхай және Галина Молодцова сияқты тәжірибелі ардагерлер болашақ әріптестеріне өздерінің бай білімдері мен шеберліктерін бөлісті. Мерекелік апталықтың жарқын сәті – «Арлан» спорт кешенінің аренасында өткен спартакиада болды. Үстел теннисі, волейбол және шахмат сияқты спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтау үшін 9 команда бақ сынасып, ұжымдық ауызбіршілік пен жоғары дене дайындығын көрсетті. Спорттық бәсекеде қатардағы полиция қызметкерлерімен бірге ардагерлер құрамасы да белсене өнер көрсетті. Мерекелік апталық аға буынға деген ыстық ықылас пен терең құрметтің белгісі ретінде полиция қызметкерлері дайындаған салтанатты концертпен қорытындыланды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









