Маңғыстауда «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды

    Маңғыстау облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға бақылауды күшейту, сот жүктеген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілген «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды.

    Іс-шара 5 қазан мен 5 қараша аралығында облыс көлемінде бір ай бойы жүргізілді. Оған Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп қатысты.

    Қазіргі таңда облыстық пробация қызметінің есебінде 1 мыңға жуық сотталған азамат тұр. Іс-шара барысында олардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, сот жүктеген міндеттерді орындауы мен пробациялық бақылау талаптарын сақтауы назарға алынды.

    Жалпы облыс бойынша 3 мыңнан астам мекенжай тексерілді. Нәтижесінде пробациялық бақылау тәртібін бұзудың 120-дан астам дерегі анықталды. Оның ішінде 60 дерек электрондық бақылау құралдары – арнайы білезіктер арқылы, 31 дерек «Цифрлық пробация» мобильді қосымшасының көмегімен, тағы 7 дерек «Цифрлық бақылау» қосымшасы арқылы тіркелді. Сонымен қатар 20-дан астам сотталған азаматтың белгіленген уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталды.

    Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, сотталғандарға жазбаша ескертулер берілді. Сондай-ақ оларға сот жүктеген міндеттер мен пробациялық бақылау талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

    Бұдан бөлек, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа 35 ұсыныс енгізілді. Оның 12-сі сот тарапынан қанағаттандырылып, аталған азаматтар жазасын әрі қарай өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне қайтарылды.

    Осындай профилактикалық іс-шаралар пробациялық бақылаудың тиімділігін арттыруға, сотталғандардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге және өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары