Бүгін аудан әкімі А.Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жылыту маусымының өту барысы, тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету және өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланды.
Жиында ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайберген жылыту маусымына дайындық пен қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Аудан әкімі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылу, электр энергиясы, ауыз су және газбен үздіксіз қамтамасыз етуді, инженерлік желілердегі авариялық жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтарының штаттық режимде жұмыс істеуін және тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың үздіксіз қызметін қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.
Бұдан бөлек, Арал қаласындағы №5 және №6 шағын аудандарды газдандыру жұмыстарының барысы талқыланды. Аудан әкімі мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды желтоқсан айында пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжілістің екінші мәселесі бойынша жылу беру маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қаралды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Айдос Сыдықов өрт қауіпсіздігі бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдын алу шаралары туралы баяндады.
Аудан басшысы тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарда өрт және газ қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың тұрғын үйлеріне көміртек тотығын анықтайтын және өрт туралы хабар беретін дабыл құрылғыларын орнату мәселесін демеушілер есебінен шешу жолдарын қарастыруды жүктеді.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстарын жандандыру, арнайы бейнероликтер мен ақпараттық материалдар әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен тарату, қала, кент және ауылдық округтерде ақпараттық билбордтар орнату жөнінде тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысымен аудан әкімі жауапты сала басшыларына жылыту маусымының қауіпсіз әрі үздіксіз өтуін қамтамасыз ету, тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









