Доха, 2026 жылғы 9 қараша – Қатардың Доха қаласында Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Өкілетті конференциясы жұмысын бастады. Ол ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мамандандырылған мекемесінің жоғары басқарушы органы болып табылады.
Төрт жылда бір рет өткізілетін конференция ХЭО қызметінің стратегиялық бағыттарын, халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтарын және жаһандық цифрлық экожүйені дамытудың негізгі тәсілдерін айқындайды.
27 қарашаға дейін жалғасатын конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму Министрі Жаслан Мәдиев бастаған қазақстандық делегация қатысуда.
Конференцияның күн тәртібінде жаһандық цифрлық байланыстылықты кеңейту, цифрлық теңсіздікті қысқарту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу, радиожиілік спектрі мен спутниктік орбиталарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері бар.
Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі ХЭО басшылығын, ХЭО Кеңесінің және Радиобайланыс регламенті комитетінің мүшелерін сайлау болмақ.
Қазақстан Республикасы 2027–2030 жылдар кезеңіне C өңірінен (Шығыс Еуропа және Солтүстік Азия) ХЭО Кеңесінің құрамына өз кандидатурасын, сондай-ақ Ризат Нұршабековтің ХЭО Радиобайланыс регламенті комитетіне қайта сайлануына кандидатурасын ұсынды.
Конференцияның ашылуы аясында Қазақстан ХЭО-ға мүше мемлекеттердің делегациялары үшін кофе-брейк форматында қабылдау ұйымдастырып, оның барысында еліміздің Одақтың сайланбалы органдарына ұсынылған кандидатуралары таныстырылды. Іс-шара халықаралық әріптестермен бейресми диалог жүргізуге, цифрлық дамудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға және ХЭО шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Конференция барысында қазақстандық делегация мүше мемлекеттердің өкілдерімен және ХЭО басшылығымен цифрлық трансформация саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған бірқатар екіжақты кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстан теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің цифрлық байланыстылығын қамтамасыз ету, заманауи телекоммуникациялық және спутниктік технологияларға қолжетімділікті кеңейту, жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық құзыреттерді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударады.
Қазақстанның Өкілетті конференцияға қатысуы еліміздің жаһандық цифрлық күн тәртібін қалыптастыруға, инклюзивті цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және ХЭО аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға практикалық үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








