
Душанбе, 2026 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Африка елдерінде цифрлық дағдыларды дамытуға және адами капиталды нығайтуға бағытталған жаңа бастаманы жариялады. Бастама 29–30 қыркүйекте Душанбе қаласында өтіп жатқан Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) ТМД елдеріне арналған өңірлік форумы аясында таныстырылды.
Бастама шеңберінде Қазақстан Африка елдерінің қатысушыларына цифрлық технологиялар, бағдарламалау және жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламалары бойынша 100 тегін оқу орнын ұсынады. Бұл ретте ең аз дамыған елдер мен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің талантты жастарына ерекше назар аударылады.
Бастама Халықаралық электр байланысы одағының қолдауымен және ХЭО-ның Электр байланысын дамыту бюросымен (BDT) тығыз ынтымақтастықта іске асырылатын болады. Бюро қазақстандық білім беру бағдарламаларының провайдерлерімен бірлесіп, қатысушыларды тарту және іріктеу үдерісін үйлестіруге жәрдемдеседі.
Қазақстанда alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығын, Astana Hub технопаркін және ақпараттық технологиялар саласындағы бірқатар білім беру бастамаларын біріктіретін қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экожүйе қалыптасқан. Олардың қатарында Tech Orda бағдарламасы және peer-to-peer оқыту моделіне негізделген бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша Tomorrow School мектебі бар.
Африка елдеріне білім алу мүмкіндіктерін ұсыну Қазақстанның жинақтаған тәжірибесін өңірден тыс жерлерде цифрлық құзыреттерді дамытуға пайдалануға мүмкіндік береді.
Бастама Partner2Connect цифрлық коалициясының мақсаттарын қолдауға, «Оңтүстік – Оңтүстік» ынтымақтастығын дамытуға және жаһандық цифрлық алшақтықты қысқарту жөніндегі ХЭО күш-жігеріне жәрдемдесуге бағытталған.
Қазақстан цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инновациялық экожүйе мен адами капиталды дамыту бағыттарында ХЭО-мен өзара іс-қимылды дәйекті түрде нығайтып келеді. Жаңа бастама заманауи цифрлық білімге қолжетімділікті кеңейтуге және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған Қазақстанның практикалық үлесіне айналады.
Анықтама:ХЭО-ның ТМД елдеріне арналған өңірлік форумы 2026 жылғы 29–30 қыркүйекте Душанбе қаласында өтуде. Форум өңір мемлекеттерінің, ХЭО және басқа да мүдделі тараптардың өкілдерін цифрлық дамудың басымдықтары мен өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін біріктіреді.









