Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде салық төлеушілерде бюджетке салық міндеттемесінің мөлшерінен асатын сома аударылатын немесе төлем қате деректемелермен жүргізілетін жағдайлар жиі туындайды.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында артық және қате төленген салықтар, бюджетке төлемдер, өсімпұлдар мен айыппұлдар сомаларын есепке жатқызу немесе қайтару мүмкіндігі көзделген. Тәртіп 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 120–123-баптарымен реттеледі.
Артық төлем қашан туындайды?
Салық кодексінің 120-бабына сәйкес, артық төленген сома деп есепке жатқызу және (немесе) қайтару жүргізілетін күнге тиісті салық, бюджетке төлем немесе өсімпұл түрі бойынша нақты бюджетке төленген сома мен есептелген (есепке алынған) сома арасындағы оң айырма (бұрын жүргізілген есепке жатқызулар мен қайтаруларды ескере отырып) танылады.
Артық төлем мыналардың нәтижесінде туындауы мүмкін:
- бірдей салықты қайта төлеу;
- салық міндеттемесінің мөлшерінен асатын соманы аудару;
- қосымша салық есептілігін ұсынғаннан кейін бұрын есептелген міндеттемелерді азайту;
- бұрын есепке алынған сомаларды түзету.
Есепке жатқызу қалай жүзеге асырылады?
Салық кодексінің 122-бабына сәйкес есепке жатқызуды мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушінің өтінішісіз де, салық өтініші негізінде де жүргізеді.
Өтінішсіз артық төленген сома белгіленген реттілікпен мыналар есебіне бағытталады:
- төлеу мерзімі келген сол түрдегі салық/төлем бойынша есептелген және есепке алынған сомаларды төлеу;
- берешекті өтеу (алдымен сол түрдегі салық бойынша, содан кейін басқа түрлер бойынша);
- өсімпұлдарды өтеу;
- айыппұлдарды өтеу.
Салық өтініші бойынша артық төлемді мыналарға бағыттауға болады:
- тиісті салық немесе төлем түрі бойынша алдағы төлемдер есебіне (салық төлеушіде және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінде салық берешегі болмаған жағдайда);
- заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің немесе заңды тұлғаның өзінің салық берешегін өтеу есебіне (заңнамада көзделген жағдайларда).
Қаражатты қайтару қашан мүмкін?
Қайтару салық өтініші негізінде өтініште көрсетілген салық төлеушінің банк шотына қаражатты аудару арқылы жүзеге асырылады.
Қайтару салық төлеушіде және оның құрылымдық бөлімшелерінде салық берешегі болмаған жағдайда жүргізіледі. Берешек болған жағдайда алдымен оны өтеу есебіне есепке жатқызу жүргізіледі, ал қалған сома қайтарылуға жатады.
Есепке жатқызу және (немесе) қайтару салық өтініші тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жекелеген төлем түрлері (мемлекеттік баж, бірқатар алымдар мен төлемдер) есепке жатқызу мен қайтаруға шектеулерге ие (Салық кодексінің 121-бабы).
Салық қате төленген болса не істеу керек?
Қате төленген деп аудару кезінде қате жіберілген сома танылады (Салық кодексінің 123-бабы). Типтік жағдайлар:
- ЖСН/БСН немесе бюджеттік сыныптама коды (БСК) дұрыс көрсетілмеген;
- төлемнің мәтіндік мақсаты төлем мақсатының кодына және (немесе) БСК-ға сәйкес келмейді;
- банктік ұйымның төлем құжатын орындау кезіндегі қате;
- төлем осы салық немесе төлем түрі бойынша төлеуші болып табылмайтын тұлғамен жүргізілген.
Қате расталған жағдайда мемлекеттік кірістер органы тиісті БСК-ға және (немесе) тиісті органға есепке жатқызуды жүргізеді немесе салық төлеушінің банк шотына қайтаруды жүзеге асырады.
Салықтық емес БСК бойынша қайтару ерекшеліктері
Салықтық емес бюджеттік сыныптама кодтары бойынша төленген сомаларды қайтару үшін салық төлеуші алдын ала осы төлемді әкімшілендіретін уәкілетті мемлекеттік органға жүгініп, төлем көзделген іс-әрекеттердің жасалмағанын, қаражаттың пайдаланылмағанын және қайтарылуға жататынын растайтын қорытынды алуы қажет. Қорытынды салық өтінішіне қоса беріледі.
Өтінішті қалай беру керек?
Салық өтініші мынадай жолдармен беріледі:
- «ИСНА» ақпараттық жүйесінің Салық төлеуші кабинеті арқылы электрондық түрде;
- eGov.kz порталы арқылы;
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы (жеке тұлғалар үшін);
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қағаз түрінде.
Өтініште өтініш түрін (есепке жатқызу немесе қайтару), БСК-ны, соманы және банк деректемелерін (қайтару кезінде) дұрыс көрсету қажет. Салықтық емес БСК үшін уәкілетті органның қорытындысын міндетті түрде қоса беру керек.
Есепке жатқызу мен қайтару талап қою мерзімі шегінде жүргізіледі: ағымдағы жыл мен алдыңғы күнтізбелік жылдар ішінде (төлеу жылынан кейінгі жылдан бастап) төленген сомалар мөлшерінде. Талап қою мерзімі өткеннен кейін сомалар есепке жатқызуға және қайтаруға жатпайды.
Ұсыныстар
Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы салық төлеушілерге жеке шоттардың жай-күйін үнемі тексеруді, бюджетпен есеп айырысуды уақтылы салыстыруды, төлеу кезінде деректемелерді мұқият тексеруді және артық төлем немесе қате төлем анықталған кезде өтініш беруді кейінге қалдырмауды ұсынады.
Уақтылы жүгіну және құжаттарды дұрыс ресімдеу қосымша қиындықтардан аулақ болуға мүмкіндік береді.
Жадыра Сауирова,
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Ақтау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









