ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 МЫҢНАН АСТАМ НЫСАН МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ЖЫЛУҒА ҚОСЫЛҒАН

    1 / 5
    Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларында жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында басталып, қазіргі таңда штаттық режимде жалғасуда. Өңірде жылумен қамтамасыз ету бағытында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2210 автономды бюджеттік мекеме қазандығы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бүгінде жылыту жүйелеріне 1 310 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.
    Жиында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
    – Жылыту маусымында барлық коммуналдық мекемелердің қалыпты жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, тұрғындарды, әлеуметтік нысандар мен жылыжайларды қажетті жылумен үздіксіз қамту қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейтіңіздер. Сондай-ақ аудан, қалаларда тұрмыстық және өндірістік мақсатта газ жүйелерін пайдалану талаптарын бұзған тұлғаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың газ дабылқаққышпен қамтамасыз етілуін бақылауға алып, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріңіздер, – деген Нұралхан Көшеров жылыту жүйелерінің үздіксіз жұмысын бақылауда ұстауды міндеттеді.
    Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымының өткізілу барысы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, облыс аумағында қазандықтар температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Көмір тасымалдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жылу энергетика кешендерінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жалпы 8 мың тонна мазут қажет. Осыған байланысты «Кентау Жылу» ЖШС және «Шолаққорған су» МКК-мен мазут жеткізу бойынша келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
    «Кентау Жылу» ЖШС-ның 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 90 мың тонна. Қазіргі таңда кәсіпорын қоймасында 56 199 тонна көмір қоры бар. Бұдан бөлек, биыл 45 мың тонна көмірді тасымалдауға келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары толық аяқталған.
    Өңірдің жалпы көмірге деген қажеттілігі 532,5 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда оның 442,9 мың тоннасы жеткізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 83 пайызға жетті. Алдыңғы аптамен салыстырғанда жеткізілген көмір көлемі 38 мың тоннаға артқан. Сонымен қатар теміржол тұйықтарында 57,4 мың тонна көмір қоры жинақталған
    Тұрғындардың жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 176 мың тонна болса, қазіргі уақытта 169 мың тоннасы жеткізілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 96 пайызына жетті деген сөз. Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету және тасымалдау жұмыстарын 26 жеке кәсіпкер жүзеге асыруда.
    Ал жылыжайларды жылумен қамтамасыз ету үшін 271,2 мың тонна көмір қажет. Бүгінгі таңда 188,8 мың тоннасы жеткізіліп, қажеттіліктің 70 пайызы қамтылған. Өткен аптамен салыстырғанда жылыжайларға жеткізілген көмір көлемі 29,9 мың тоннаға артты.
    Сонымен қатар аппарат мәжілісінде жылыту маусымында тұрғындардың табиғи газдан және қатты отыннан улану жағдайларының алдын алу мәселесі қаралды. Бұл бағытта облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділ Бектұрғанов баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 406 215 тұрғын үй бар. Оның 71,5 пайызы түсіндіру жұмыстарымен қамтылған. Тұрғын үйлердің 69,5 пайызында мұржалар тазартылған. Ал газ дабылқаққыштарымен қамту деңгейі 50,6 пайыз.
    Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көмір қорын жеткілікті деңгейде қалыптастыру және газдан, қатты отыннан улану жағдайларының алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары