Ұлытау облысында Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды

    1 / 5

    Бүгін Комитет төрағасы С. Бейсенова Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында ардагерлер және аналар кеңестерінің мүшелерімен, сондай-ақ денсаулық сақтау және мәдениет салаларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауының негізгі бағыттары, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған бастамалар түсіндірілді.

    Кездесу барысында екі негізгі бағытқа ерекше назар аударылды. Олар – жаңа медициналық нысандар салу және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру.

    Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру аясында еліміздің өңірлерінде жаңа медициналық мекемелер салу және пайдалануға беру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар Ұлытау облысында да жалғасын табады. Атап айтқанда, Ұлытау ауылында емханасы бар ауылдық аурухана салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жезқазған қаласында онкологиялық орталықтың құрылысы басталды. Аталған нысан өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі болмақ.

    Тағы бір маңызды шара – алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үздіксіз еңбек өтілі ескеріле отырып, олардың жалақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шара ауылдық жерлерде еңбек ететін мамандарды қоса алғанда, 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

    Кездесу барысында өңір халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер де талқыланып, осы бағыттағы алдағы жұмыстың басымдықтары қарастырылды.

    Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында С. Бейсенова вакциналарды сақтау қоймасына барып, Ұлттық сараптама орталығы филиалының зертханаларын аралады. Сапар барысында вакциналарды сақтау жағдайларымен, зертханалық бөлімшелердің жұмысымен және олардың ағымдағы қызметімен танысты.

    Жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет салаларын дамытуға қатысты өзекті мәселелер, сондай-ақ көзделген шаралардың өңірлік деңгейде іске асырылу барысы талқыланды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті" жаңалықтары