Астана халықаралық әуежайында Сенегалдың Дакар қаласында өткен IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері, елордалық триатлоншы Рамазан Әйнеговті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап, тарихи жетістікке қол жеткізген жас спортшыны әуежайдан жақындары мен спорт жанашырлары зор қошеметпен күтіп алды.
Рамазан Әйнегов триатлон жарысында 53 минут 27 секунд нәтижесімен мәреге жетіп, Жапония өкілі Дайки Нисидзакимен үшінші орынды бөлісті. Бұл қола жүлде Қазақстан құрамасының Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіп алған екінші медалі атанды.
Елордалық спортшы тарихи жетістігі туралы өз әсерімен бөлісті.
«Бұл – Қазақстан үшін тарихи медаль. Жүзу кезеңінде өз мүмкіндігімді барынша пайдаланып, көшбасшыларға жақындай алдым. Велосипед кезеңінде оларды қуып жетіп, жүгіру барысында жүлделі орын үшін күрестім. Осы орайда отбасыма және бапкерлерім Аслан Болатұлы мен Мұрат Серікұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олардың қолдауы мен еңбегінсіз бұл медальға қол жеткізу мүмкін болмас еді. Барлығына шексіз ризамын!» – деді Рамазан Әйнегов.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









