Ұлытау облысының әкімі кәсіпкерлермен бизнесті қолдау шаралары мен дамыту перспективаларын талқылады

    1 / 10

    Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары және жаңа жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Бұл туралы облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    «Кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен кездесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін, мемлекеттік қолдау шараларын және жаңа жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқыладық.

    Кәсіпкерлік экономиканы дамытуда, жаңа жұмыс орындарын ашуда және халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Ұлытау облысында 16 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның 11 мыңнан астамы – жеке кәсіпкерлер.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау шараларының тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Президент несиелеу және субсидиялау шараларымен ғана шектелмей, өнім өндіру мен оны өткізуге нақты жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

    Осыған байланысты қолайлы іскерлік орта қалыптастыру, инвестиция тарту және жаңа бизнес бастамаларды қолдау біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып қала береді.

    Кездесу барысында кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, шешімін табуды қажет ететін мәселелерді талқыладық. Сындарлы диалог пен бірлескен жұмыс өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.

    Кездесуге қатысушыларға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірдім. Алдағы уақытта да кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және оны жүзеге асыруға қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», - деп жазды Есет Байкен.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары