ТҮЛКІБАСТА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ КӨБЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

    🌱 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
    🌱 Бүгін осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған игі бастамалардың бірі – Түлкібас ауданында «Түлкібас тұқымбағы» ашылуымен жалғасын тапты. Аталған жоба аудан аумағында жасыл желек көлемін арттыруға, сәндік ағаш көшеттерін жергілікті жерде өсіруге және елді мекендердің көркін жақсартуға мүмкіндік береді.
    🌱 Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Естібаев, ауыл ақсақалдары қатысып, тұқымбақтың ашылу рәсімінде салтанатты түрде лентасы қиылды.
    🌱 Жаңадан ашылған тұқымбақ алдағы уақытта ауданның қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге бағытталады. Мұнда шынар, каштан, қарағай және басқа да сәндік ағаштардың түрлі көшеттері өсірілетін болады. Бұл өз кезегінде аудан аумағындағы көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды көгалдандыруға мүмкіндік береді.
    🌱 Алдағы көктем мезгілінде тұқымбақ аумағында арнайы жылыжайлар салынып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау жоспарлануда. Атап айтқанда, бейнебақылау камералары орнатылып, қарауылхана салынады. Сонымен қатар суару жүйесі мен жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
    🌱 Аталған бастама ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл желек көлемін арттыруға және сырттан көшет сатып алуға тәуелділікті азайтуға бағытталған. Алдағы уақытта тұқымбақта өсірілген ағаш көшеттері ауданның барлық елді мекендерін көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылатын болады.
    🌱 «Түлкібас тұқымбағы» – ауданның жасыл келбетін қалыптастырып, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және келер ұрпаққа жайлы орта қалдыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі.
    📍 Түлкібас ауданының баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түлкібас ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары