Мирас Төлебаев ШҚО тұрғындарымен туризм мен спортты дамыту мәселелерін талқылады

    1 / 6

    ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрманбаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, туризм саласындағы кәсіпкерлер, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.

    Кездесуде туризм және спорт инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту, балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты қолдау, сондай-ақ өңірдің туристер үшін тартымдылығын арттыру мәселелері айтылды.

    «Шығыс Қазақстанның табиғаты ерекше, спорттағы дәстүрі бай. Біздің міндетіміз — осы әлеуетті тиімді пайдаланып, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, демалуға және спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасау. Іске асырылып жатқан жобалардың игілігін өңір тұрғындары көруі керек», — деді Мирас Төлебаев.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың орналастыру орындары 189 мың ішкі және 6,7 мың шетелдік туристке қызмет көрсетті. Тоғыз айда туризм саласына 11,8 млрд теңге инвестиция тартылды.

    Өңірде жаңа туристік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Monotel қонақүй кешені мен Ular Park капсулалық қонақүйі ашылды. 218 орындық Wellness Resort шипажайының құрылысы жүріп жатыр. Forest Hills және «Алтай Альпісі» курорттарының тау шаңғысы инфрақұрылымы дамытылуда. Жыл соңына дейін Зайсан мен Катонқарағай ауданындағы әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған.

    Облыста 1 658 спорт нысаны жұмыс істейді. Мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар саны 314 мың адамға жетті. Бұл — облыс халқының 45 пайызы.

    Биыл Айнабұлақ және Жарсу ауылдарында модульдік спорт нысандары ашылды. Алты елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр. Өскеменде ипподром мен волейбол орталығын салу жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жабық футбол стадионын салу жоспарланып отыр.

    Кездесу соңында тұрғындар туризмді дамыту, мемлекеттік қолдау, спорт нысандарын салу және балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау жөнінде сұрақтар қойды. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары