Құрылтай депутаттары Атырау облысындағы мұнай-газ-химия кешені кәсіпорындарының қызметімен танысты

    1 / 17

    Атырау облысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының «Мұнай газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері мұнай-газ-химия кәсіпорындарына жұмыс сапары өтті.

    Іс-шара KAZENERGY қауымдастығының ұйымдастыруымен, Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, салалық қауымдастықтар мен мұнай-газ химиясы кешені кәсіпорындарының қатысуымен өткізілді.

    Жұмыс сапарының алғашқы күні депутаттар «Eskene LPG» ЖШС-нің сұйытылған мұнай газын қабылдау, ауыстырып тиеу және фракциялау терминалының, сондай-ақ «GPC Investment» ЖШС-нің газ өңдеу зауытының құрылыс алаңдарын аралап, жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

    Сонымен қатар «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымы, оның аумағында орналасқан жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан өндіріс орындары таныстырылды. Атап айтқанда, депутаттар «Бутадиен» ЖШС-нің бутадиен өндіру зауыты мен «Silleno» ЖШС-нің полиэтилен өндіру зауытының құрылыс алаңдарын, «Karabatan Utility Solution» ЖШС-нің инфрақұрылымдық нысанын, сондай-ақ «Интаго Қазақстан» геосинтетикалық материалдар өндіру зауытын аралады.

    «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС полипропилен өндіру зауытының қызметіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар өндірістің технологиялық үдерістерімен танысты.

    Бағдарламаның екінші күні депутаттар мұнай өңдеу технологиялық үдерістерімен, өндірістік қондырғылармен және мұнай-газ химиясы өнеркәсібіне арналған шикізат өндірумен танысу мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ TEXOL компаниялар тобына қарасты Атырау вагон жасау зауытына барды.

    Сапардың қорытынды кезеңінде мүдделі мемлекеттік органдар мен салалық кәсіпорындардың өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті. Онда «Мұнай газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасының негізгі ережелері талқыланды.

    Талқылау барысында саланы шикізатпен қамтамасыз ету, терең өңдеуді қолдау шаралары, сондай-ақ инвестициялық және технологиялық кедергілер мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстарын жүйелеп, оларды заң жобасын әзірлеу барысында одан әрі пысықтау жоспарлануда.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары