Ақай ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиын аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар арасында түрлі спорттық ойындар өткізіліп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Аталған іс-шараға Үшқұдық ауылдық округінің атынан жеке кәсіпкерлер де белсене қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, Жаппарова Нұрзада жылыжай өнімдерін, Жангалиева Айжан сүт өнімдерін таныстырса, Байнахатова Зура апамыз көненің көзіндей сақталып, ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, ұлттық ас мәзіріміздің бай мұрасын дәріптеді.
Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласының дамуына және өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтардың еңбегі де елеусіз қалмады. Үшқұдық ауылдық округіндегі «Аңсар» шаруа қожалығының механизаторы Крылосов Валерий Васильевич ауыл шаруашылығы саласындағы адал еңбегі мен қосқан үлесі үшін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ. Елеуовтің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар жиын барысында «Ажар» шаруа қожалығы, «Нұрсая Агро» АӨК және ЖК Молдабековтің ауыл шаруашылығы бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен жетістіктері үлкен экран арқылы көпшілікке таныстырылды.
Бұл мерекелік басқосу – ауыл шаруашылығы саласында маңдай терімен еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін бағалаудың және ауыл шаруашылығының маңыздылығын айшықтаудың жарқын көрінісі болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









