Триатлон паркінде абаттандыру жұмыстарының негізгі кезеңдерінің аяқталу барысы қаралып, жағалау аумағын одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды.
Соңғы бес жылда жалпы аумағы 39 гектарды құрайтын паркте жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын төрт ірі жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде тұрғындардың демалуына және спортпен шұғылдануына арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасты.
Триатлон паркінің дамуы оған іргелес аумақтардың да өркендеуіне оң әсерін тигізуде. Кәсіпкерлердің қызығушылығы артып, жаңа нысандар бой көтеруде. Атап айтқанда, жақын маңда Invictus Go спорт клубы мен Holiday Inn қонақүйінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар алты корты бар заманауи падел орталығын салу жоспарланып отыр.
Жағалау аумағын одан әрі дамыту және қалалық ортаны жаңғырту мәселелері де қарастырылды. Алдағы жоспарлардың бірі – жағалауды КЖБИ және КСК бағытында жалғастыру мүмкіндігін зерделеу.
Сонымен қатар биыл «Красный Кузнец» ауданында саябақ аумағы бар заманауи қоғамдық кеңістіктің жобасын әзірлеу басталады. Жоба аясында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың күнделікті демалуына және көпшілік іс-шараларды өткізуіне қолайлы жағдай жасалады.
Орталық көпірдің сол жағындағы жағалаудың жай-күйіне де ерекше назар аударылды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша нысанға техникалық тексеру жүргізіліп, қазіргі уақытта сметалық құжаттама әзірленуде. Келесі жылы қажетті қаражат бөліп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Басты мақсат – жаңа қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымның сақталуын және тиісті деңгейде күтіп-ұсталуын қамтамасыз ету.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








