Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бастаған Қазақстан делегациясы Копенгаген қаласында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік комитетінің 76-сессиясына қатысты. Қазақстан өкілдері медициналық көмекті нығайту бағытындағы практикалық тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға атсалысты.
ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қатысқан «Алма-Ата+50» арнайы брифингі барысында Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанның медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі ұстанымын таныстырды. Ол медициналық қызметтердің қолжетімділігіне және және профилактикалық бағытты күшейтуге басымдық берілетінін атап өтті.
Сессияның жұмыс бағдарламасы жаһандық денсаулық сақтау саласындағы кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Делегация жасанды интеллектіні медициналық тәжірибеге енгізу, «Қартаю – өмір» бастамасын іске асыру, сондай-ақ инфекциялық емес аурулармен күрес, психикалық денсаулықты сақтау және ұйым бюджетін бөлу бойынша ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеу мәселелеріне арналған пікірталастарға қатысты.
Іс-шаралар бағдарламасы бірқатар екіжақты кездесулерді қамтыды. Қазақстан тарапы ДДҰ басшысы лауазымына Сауд Арабиясы мен Катар ұсынған кандидаттармен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар Бельгия, Индонезия, Өзбекстан және Армения делегацияларымен денсаулық сақтау саласындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









