5 қазан мен 5 қараша аралығында өңір аумағында қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғын үй секторындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу кезеңінде полиция қызметкерлері 40 мың тұрғын үйді аралап, тұрғындардан бұрын шағымдар түскен мекенжайларды тексерді. Тыныштықты бұзғаны үшін облыстың 438 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге, ұрлық және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге ерекше назар аударылуда.
Мәселен, «Қауіпсіз үй» ЖПІ аясында Павлодар ауданының 41 жастағы тұрғынының үйінен заңсыз сақталған, ішкі істер органдарында тіркелмеген шығу тегі белгісіз қару анықталды. Аталған азаматқа қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды.
Сонымен қатар, тексеру іс-шаралары барысында Шарбақты ауданының полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзу фактісін анықтады. Тексеру нәтижесінде Өзбекстан Республикасының азаматы Қазақстан аумағында болу мерзімін асырып, ел аумағында 178 күн бойы заңсыз жүргені белгілі болды. Аталған дерек бойынша шетел азаматына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды.
Полиция қызметкерлері халықпен профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Тұрғындармен кездесулер барысында жеке және мүліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі түсіндіріледі.
Тұрғын үй секторындағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, азаматтардың өз жауапкершілігіне де байланысты. Күдікті жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлау, қауіпсіздік шараларын сақтау және айналада болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамау құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Үй қауіпсіздігі – әр азаматтың жауапкершілігінен басталады!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








