1 / 12
Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанға арнайы барып, құрылыс барысын бақылады. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын тексерді. Сондай-ақ құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
– Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрғындарға сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру – басты міндеттеріміздің бірі. 570 төсек-орынға арналған бұл көпбейінді аурухана өңір медицинасының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет. Сондай-ақ, нысанның заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылуы маңызды. Мердігер ұйым мен жауапты басқармаларға осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстап, барлық талаптың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Көпбейінді аурухана 15,6 гектар аумақта бой көтеріп жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы – 83 276,96 шаршы метр. Жобаның бас мердігері – «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 88 пайызы орындалған. Нысан құрылысына 300-ден астам адам жұмылдырылған.
Аурухананың құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Ал келесі жылы медициналық мекемені заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жаңа аурухана іске қосылғаннан кейін өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артып, күрделі медициналық қызметтерді жергілікті жерде алу мүмкіндігі кеңейеді. Сондай-ақ заманауи диагностика мен емдеу қызметтерін дамытуға жағдай жасалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









