ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АҚШ КОМПАНИЯЛАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТАДЫ

    1 / 7
    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім және туризм салаларындағы өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
    Өңір басшысы кездесуде Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялық және экономикалық әлеуетін таныстырды.
    – Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жоғары деңгейде дамып келеді. Түркістан облысы – экономикалық мүмкіндігі зор, инвестиция тартуға қолайлы әрі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз шетелдік инвесторлармен ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестік орнатуға басымдық береміз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, заманауи технологиялар мен білім беру бағыттарында америкалық компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, жобаларды іске асыруға барлық жағдайды жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
    Питер Кауфман қонақжай пейіл танытқан өңір басшысына алғысын білдіріп, тарихи Түркістаннан ерекше әсер алғанын жеткізді. Әріптестік байланысты нығайтуға мүдделі екенін айтты.
    Кездесуде білім беру және агроөнеркәсіп салаларындағы бірлескен бастамаларға да назар аударылды. Атап айтқанда, АҚШ-тың Аризона штаты университетімен (Arizona State University) өңірде агроөнеркәсіп кешені бағыты бойынша әріптестік орнату мәселесі пысықталуда. Бұл бастамаға Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы құрметті консулы Хью Холлман да атсалысып келеді.
    Сонымен қатар Түркістан облысында америкалық John Deere компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және Lindsay компаниясының суару жүйелерін өндіру жобаларын жүзеге асыру мәселелері қарастырылуда. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
    Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Сонымен қатар 289 шетелдік компания тіркелген. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық «TURAN» аймағы мен индустриялық аймақтарда қолайлы жағдай жасалған.
    Түркістан өңірі тарихи-мәдени мұраларымен де ерекшеленеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі, табиғи және туристік нысандардың молдығы аймақтың халықаралық туристік әлеуетін арттырып отыр.
    Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары