Жас маман – мемлекеттік қызмет жолында
Жоломанова Даянна Қанатқызы Қостанай облысы, Қарасу ауданы, Братское ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің биология пәні мамандығын тәмамдаған. 2026 жылы аталған оқу орнында биология мамандығы бойынша магистратураны аяқтады.
Университет қабырғасында білім алған жылдары жоғары академиялық үлгерім көрсетіп, GPA көрсеткіші 3,3-тен жоғары нәтижеге қол жеткізді. Осы көрсеткіштің негізінде мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігін пайдаланып, 2026 жылдың тамыз айында «Науырзым ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің бас маманы қызметіне қабылданды.
Даянна Қанатқызының айтуынша, жоғары оқу орнын жақсы үлгеріммен аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігін беретін бастама жастар үшін үлкен қолдау болып табылады.
«Мемлекеттік қызметке осындай мүмкіндік арқылы орналасқаныма қуаныштымын. Жастарға білім мен еңбектің нәтижесінде өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға жағдай жасап отырғаны үшін мемлекетке алғысымды білдіремін. Бұл бастама жас мамандарға өз білімін тәжірибеде қолдануға, кәсіби тұрғыдан дамуға және мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуге жол ашады деп ойлаймын», – дейді Даянна Қанатқызы.
Қазіргі таңда ол аудан әкімінің аппаратында еңбек етіп, мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіби тәжірибесін қалыптастыруда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







