Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қысқы кезеңге дайындық барысы туралы ТЖД бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев пен «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы директорының орынбасары Қизат Жақыпов баяндады. Олардың айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдарды жабу туралы шешімді жол қызметтері, құтқарушылар мен полиция бірлесіп қабылдайды. Қозғалысқа шектеулер қалың жауын-шашын, көктайғақ, тұман және көріну қашықтығын төмендететін боран кезінде енгізіледі.
– Өткен жылдардың қорытындысы бойынша қар басып қалу қаупі бар жалпы ұзындығы 170 шақырымнан асатын 138 учаске анықталды, – деді Қизат Жақыпов. – Бұл учаскелерде қар тоқтататын орлар мен жалдар қарастырылып, сондай-ақ ұзындығы 2,6 мыңнан астам погондық метр қардан қорғайтын қалқандар орнату жоспарланған.
Қабылданып жатқан инженерлік шараларға қарамастан, қар құрсауында қалу қаупін толығымен жою мүмкін емес. Осыған байланысты Думан Қыдырмоллаев жүргізушілерге арналған негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды.
– Алыс жолға шығар алдында жүргізушілерге ауа райы жағдайын алдын ала бақылап, «Darmen» қосымшасы және басқа да ресми ақпарат көздері арқылы автожолдардың жай-күйі туралы өзекті мәліметтерді тексеруге кеңес береміз. Сондай-ақ көліктің техникалық жарамдылығын, аккумулятор қуатын және техникалық сұйықтықтардың деңгейін тексеру қажет. Бұдан бөлек, міндетті түрде апаттық жиынтықты дайындау керек. Оның құрамында сүйреткіш арқан, күрек, жылы киім жиынтығы, қосымша жанармай қоры, ауызсу, құрғақ азық-түлік, медициналық қобдиша және қуатталған мобильді құрылғылар болуы тиіс, – деді спикер.
Егер көлігіңіз қар құрсауында қалып қойса немесе далада бұзылып қалса:
- Боран кезінде көлікті тастап, жаяу кетпеңіз. Көріну мүлдем нашарлаған жағдайда бағыт-бағдарды бірден жоғалтуыңыз мүмкін. Көлік – сіздің негізгі паналайтын орныңыз.
- Тиісті қызметтерге хабарлаңыз: апаттық жарық сигналын қосып, апаттық тоқтау белгісін қойыңыз және дереу 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
- Шығару құбырын бақылаңыз: қозғалтқыш жұмыс істеп тұрған кезде пайдаланылған газ шығатын құбырды қардан жүйелі түрде тазартып отырыңыз. Бұл көміртек тотығының (иіс газының) салонға енуіне жол бермейді.
- Жанармайды үнемдеңіз: салонды жылыту үшін қозғалтқышты мезгіл-мезгіл іске қосыңыз. Алдымен салонды желдетуді ұмытпаңыз.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









