ШҚО-да әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды

    Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, сала мамандарының біліктілігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Аталған мәселе Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Әлеуметтік қызметкерлер: заманауи міндеттер мен даму перспективалары» тақырыбында ұйымдастырылған брифингте талқыланды.

    Жиында ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Әсел Төлепова өңірдегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің жай-күйі, кадрлық қамтамасыз ету және мамандардың біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

    Қазіргі уақытта облыста 746 әлеуметтік қызметкер бар. Олар көмекке мұқтаж 5 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қызмет көрсетеді. Мамандардың 60 пайызы ауылдық елді мекендерде, қалған 40 пайызы қалада жұмыс істейді. Ал өңірде осы бағытта қызмет көрсететін 35 ұйым бар. Оның 27-сі мемлекеттік мекеме болса, 8-і үкіметтік емес ұйым.

    Саладағы басым міндеттердің бірі - мамандардың кәсіби құзыретін дамыту. Осы мақсатта аттестаттау, біліктілікті арттыру және қосымша оқыту тетіктері жетілдіріліп келеді. «Skills Enbek» білім беру платформасында 700 әлеуметтік қызметкер білім алған. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі мен Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ арасындағы меморандум аясында 174 маман біліктілігін арттырды.

    Брифингте кадрлық әлеуетті нығайтудың тағы бір бағыты - жас мамандарды қолдау мәселесі сөз болды. Бұл ретте тәлімгерлік жүйесін дамытуға басымдық берілмек. Тәжірибелі қызметкерлердің білімі мен дағдысын кейінгі буынға үйрету арқылы жас мамандардың жұмысқа бейімделуіне және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасау көзделген.

    Кездесуде әлеуметтік қызметкерлердің эмоционалдық жүктемесі мен кәсіби шаршауының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Көмекке мұқтаж азаматтармен тұрақты жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Сондықтан мамандардың психологиялық және қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру да маңызды міндеттердің қатарында.

    Спикердің айтуынша, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту тек кадрлардың біліктілігіне ғана емес, олардың кәсіби өсуіне және тұрақты қолдау алуына да байланысты. Бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі – тұрғындарға ұсынылатын көмектің сапасын арттырып, әр азаматтың жеке қажеттілігіне сай қолдау көрсету.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Вавилон ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары