Терроризмді қаржыландыру – ауыр қылмыс

    Терроризм – адамзат қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қатерлердің бірі. Оның алдын алу тек террористік әрекеттерге тікелей қатысатын адамдармен күресумен шектелмейді. Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – терроризмді қаржыландыру арналарына тосқауыл қою. Себебі кез келген террористік ұйымның әрекеті белгілі бір материалдық және қаржылық қолдауға сүйенеді.

    Терроризмді қаржыландыру дегеніміз –террористік әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында ақша қаражатын, мүлікті және өзге де материалдық ресурстарды беру, жинау немесе пайдалану. Мұндай қолдау тікелей де, делдалдар арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Кей жағдайда азаматтар өздері жасап отырған әрекеттің заңсыз екенін түсінбей, күмәнді тұлғалардың өтінішімен ақша аударып немесе қаражат жинауға көмектесіп жатады.

    Терроризмді қаржыландырудың қауіптілігі – оның сырт көзге қарапайым қайырымдылық, көмек көрсету немесе діни мақсаттағы қаражат жинау түрінде көрінуі мүмкін екендігінде. Алайда мұндай әрекеттердің артында заңсыз мақсаттар жасырынуы ықтимал. Сондықтан азаматтар интернет арқылы қаражат жинау туралы хабарландыруларға, белгісіз адамдардың өтініштеріне және ақшаны күмәнді шоттарға аудару туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауы қажет.

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес терроризмді қаржыландыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл әрекетке қатысқан адамдар заң алдында жауап береді. Қаражаттың аз немесе көп болуы, оны тікелей не басқа адам арқылы беруі әрекеттің құқықтық бағалануын өздігінен өзгертпейді. Жауапкершілік нақты жағдайға, адамның ниетіне және әрекеттің мән-жайына қарай айқындалады.

    Тағы бір ескеретін жайт, терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат қаржылық операцияларды жүзеге асырғанда мұқият болып, қаражат жинаушылардың кім екенін, олардың қызметінің заңдылығын тексеруі тиіс. Әсіресе, діни немесе қайырымдылық мақсатта ақша жинайтын ұйымдардың ресми тіркелуіне және қызметінің ашықтығына назар аударған жөн.

    Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары