Жаңаөзенде жаңа орталық қалалық кітапхананың құрылысы аяқталуға жақын
Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен орталық қалалық кітапхананың құрылысы аяқталуға таяды. Жалпы ауданы 2 000 шаршы метрді құрайтын кітапхана 100 мыңға дейін кітап қорын сақтауға есептелген, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан жоба тұрғындардың білім алуына және рухани дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Кітапхана құрамында 80 орындық оқу залы, жеке және топпен жұмыс істеуге арналған коворкинг аймағы мен конференция залы болады. Сонымен қатар кітап қорын жинақтау, өңдеу және цифрландыру бөлімдері қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Заманауи үлгідегі кітапхананы пайдалануға беру желтоқсан айына жоспарланған. Нысан ашылғаннан кейін қала және ауыл тұрғындары үшін білім алуға, кітап оқуға және шығармашылықпен айналысуға арналған жаңа мәдени-ағарту орталығы қалыптасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









