Астанада су ресурстары туралы деректерді жинау және талдау мақсатында Ситуациялық орталық ашылды. Ол Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ базасында құрылды. Орталықтың ашылу салтанатына Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов, Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы елшісі Кристина Хонеггер, GIZ ұйымының өңірлік жобаларының жетекшісі Каролина Милов және орталықтың басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла қатысты.
Орталық су ресурстары саласындағы ахуалды жедел бағалауға және ондағы өзгерістерге уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Іс-шараға қатысушыларға орталықтың жабдықтары, оның ішінде сегіз экраннан тұратын бейнеқабырға таныстырылды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы грант қаражаты есебінен Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі. Қазіргі уақытта жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Жүйе 15 модульден тұрады және 12 ведомстволық ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Оған 23 мыңнан астам су нысаны туралы деректер енгізілген. Суға өтініш беруден бастап тұтынылған су үшін ақы төлеуге дейінгі барлық процесс автоматтандырылған.
«Бүгінде суды ұқыпты пайдалану ғана емес, сонымен қатар оның қолда бар қоры, жай-күйі мен пайдаланылуы туралы нақты ақпаратқа ие болу да маңызды. Германия, Швейцария және GIZ ұйымының қолдауының арқасында Ситуациялық орталықты қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз еттік. Алда оның мүмкіндіктерін дамыту, деректермен толықтыру және жаңа шешімдерді енгізу бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біздің барлық күш-жігеріміз су ресурстарын ұтымды пайдалануға және оларды келер ұрпақ үшін сақтауға бағытталған», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








