Қазақстан мен Германия су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр

    1 / 7

    Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов Германия Федералдық Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өңірлік сәйкестік министрлігінің (BMLEH) Парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копф бастаған делегациямен кездесті.

    Тараптар ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру бағытында Германияның кәсіпорындарымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылады.

    Сондай-ақ Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау жобаларына неміс компанияларының қатысу мүмкіндігі, су ресурстарын басқарудың озық әдістерін енгізу, мамандарды бірлесіп оқыту және қолданыстағы кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.

    Бұдан бөлек, тараптар технологиялар алмасуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және бірлескен пилоттық жобаларды дамытуға арналған Қазақстан-Германия су хабын құру мәселесін талқылады.

    Қазіргі уақытта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы мен German Water Partnership (GWP) ұйымы су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін хаб тұжырымдамасының жобасын келісіп жатыр.

    «Біз Германиямен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінгі диалог серіктестігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болып, су ресурстары саласындағы өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру міндетін қойды. Неміс технологиялары мен тәжірибесі осы міндетті іске асырудың маңызды құралы бола алады», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі" жаңалықтары