Қызылорда облысының мектептерінде су үнемдеуге бағытталған жоба аясында 4 876 экологиялық бастама жүзеге асырылды

    1 / 9

    Қызылорда қаласында «Таза Қазақстан: білім беру арқылы экологиялық мәдениет пен су үнемдеу дағдыларын қалыптастыру» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің және Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен ЮНИСЕФ ұйымдастырды. Семинарға еліміздің 20 өңірінен өкілдер қатысты.

    Семинар «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында өткізілді. Іс-шараның басты тақырыбы Қызылорда облысы пилоттық алаң ретінде таңдалған «Су және білім» жобасының қорытындылары болды.

    Жобаны іске асыру кезеңінде 55 білім беру ұйымы, 67 мыңнан астам бала мен жасөспірім және 1 773 педагог қамтылды. 2 843 интерактивті сабақ өткізіліп, 4 876 экологиялық бастама жүзеге асырылды. Олардың қатарында 55 мектептің су клубының жұмысы, сондай-ақ су айдындарының жағалауларын тазарту шаралары бар.

    Семинар барысында Қызылорда облысының педагогтері су үнемдеу тақырыбын оқу үдерісіне және мектеп клубтарының жұмысына енгізуге арналған әдістемелік әзірлемелерін таныстырды. Сонымен қатар оқушылардың зерттеу жобалары мен экологиялық бастамаларының көрмелері ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында жүзеге асырылған жұмыстар да бар.

    «Қызылорда облысының тәжірибесі суға ұқыпты қарау мәдениеті ең алдымен мектепте қалыптасатынын көрсетті. Қазір біздің міндетіміз – осы тәжірибені барлық өңірге қолжетімді ету. Осы мақсатта педагогтерге арналған 17 тақырыптық бөлім мен практикалық материалды қамтитын «Су сандығы» әдістемелік ресурсы ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыс Оқу-ағарту министрлігімен, ЮНИСЕФ-пен, Француз даму агенттігімен және Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетімен бірлесіп жалғасады», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абраимов.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі" жаңалықтары