Цифрландыру құрылыс саласындағы бақылауды күшейтеді - ҚР ӨҚМ

    ҚР Үкіметінің Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларын орындау аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев журналистердің құрылыс сапасын қамтамасыз ету шараларына қатысты сұрақтарына жауап берді, ҚР ӨҚМ сайтында хабарланды.

    Министр Құрылыс кодексінің қолданысқа енуі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау шараларын күшейткенін атап өтті. Жедел ден қою шарасы сияқты жаңа функциялар енгізілді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МАҚБ) органдарына құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде нысанға барып, құрылыс барысын тексеруге, талапқа сай болмаса жұмыстарды тоқтатуға, тіпті лицензияны қайтарып алуға дейінгі шараларды қолдануға мүмкіндік берілді. Ғимараттарға берілетін кепілдік мерзімі ұзартылды: құрылыс нысанына – 5 жыл, көтергіш конструкцияларға, қасбет пен шатырға – 10 жыл. Қабылдау-тапсыру актісіне төтенше жағдайлар органдарының жауапкершілігі енгізілді.

    «Мұндай жаңашылдықтар көп. Ендігі міндет – осының бәрін Үкіметтің қатаң бақылауында ұстау. Біз мұны қамтамасыз етеміз. Барлық кезеңде цифрландыруды енгіземіз. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс нысандарына құрылыс барысын бақылау үшін бейнекамералар орнату тетігін пысықтап жатырмыз. Тағы бір мәселені пысықтау үстіндеміз: егер құжаттама цифрлық форматта болмаса, Қаржы министрлігі мердігерлерге төлем жасамайды. Бұрын құжаттардың бәрі қағаз түрінде болатын, қазір жауапкершілікті кез келген уақытта талап етуге мүмкіндік болуы үшін барлығын материалдарын цифрландыруға міндеттеп жатырмыз», – деп атап өтті министр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" жаңалықтары