6-8 қараша Алматыдағы Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры көрермендерді қайта қабылдайды. Жаңартылған кешеннің ашылуына орай арнайы бағдарлама әзірленді. Көрермендер «Етік киген мысық» музыкалық ертегісін, «Шекспирге деген құштарлық» комедиясын және «САЦ. Үйге оралу» гала-қойылымын тамашалай алады.
Тарихи ғимараттың сәулеттік келбеті сақталып, ішіндегі инженерлік желілер, дыбыс, жарық және сахна жабдықтары жаңғыртылды. Реставраторлар мозаикалық композицияларды, мәрмәр беттерді және интерьердің басқа да құрылымдарын қалпына келтірді. Негізгі сахна заманауи техникалық құралдармен жабдықталып, қойылым қою мүмкіндіктері кеңейді.
Театрдың жанынан Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері, 1986-2005 жылдары театрды басқарған Борис Преображенский атындағы шағын сахнасы бар жаңа ғимарат салынды.
260 көрерменге арналған зал Black Box форматында жасалған. Оның басты ерекшелігі – қойылымның мазмұнына қарай сахна мен көрермен орындарының орналасуын өзгертуге болады.
Жаңа ғимаратта бір үлкен және екі шағын дайындық залы, балет сыныбы мен көркемдік-өндірістік шеберхана жабдықталған.
Кішкентай көрермендер үшін Baby Hall кеңістігі ашылады. Мұнда балалар театр әлемімен таныса алады. Сонымен қатар кітап оқуға және шығармашылық кездесулер өткізуге арналған Book Hall мен «Sats ComUnity» балалар студиясының оқу театры жұмыс істейді.
Енді театр негізгі және шағын сахналарда қойылымдарды қатар көрсете алады. Ал қосымша бөлмелер дайындық жұмыстарына, балалар студиясының сабақтарына және шығармашылық кездесулерге пайдаланылады.
Ашылу бағдарламасы:
* 6 қараша, сағат 11:00 – «Етік киген мысық» музыкалық ертегісі;
* 6 қараша, сағат 19:00 – «Шекспирге деген құштарлық» комедиясы;
* 7 қараша – театрдың туған күні мен жаңартылған ғимараттың ашылуына арналған «САЦ. Үйге оралу» гала-қойылымы;
* 7 және 8 қараша, сағат 12:00 – «Етік киген мысық» музыкалық ертегісі;
* 7 және 8 қараша, сағат 18:00 – «Шекспирге деген құштарлық» комедиясы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









