Алматы белсенді демалыс пен спортты ұнататындардың ғана емес, әлемдік гастрономия өкілдерінің де назарын аударып келеді. Almaty Open ATP 250 халықаралық теннис турнирі аясында қалаға Франциядағы Michelin жұлдызының үш мәрте иегері атанған ең жас аспаз Фабьен Ферре келді.
Сапар барысында танымал аспаз турнирдің құрметті қонақтарына арнап авторлық тағам дайындап, өзінің гастрономиялық ұстанымын таныстырды. Сондай-ақ Almaty Open турнирінің матчтарын тамашалап, қаламен танысты.
Фабьен Ферренің назарын жергілікті өнімдер мен олардың заманауи асүйде қолдану мүмкіндіктері аударды. Оның пікірінше, Алматыда ерекше дәмі бар тағамдар әзірлеуге қажетті өнімдер жеткілікті. Сондай-ақ француз аспазы қала тұрғындарының қонақжайлығына жоғары баға берді. Айта кетейік, бұл – оның Алматыға екінші сапары.
Фабьен Ферре Қазақстанның гастрономиялық туризмді дамытуға зор мүмкіндігі бар ел екеніне тоқталды. Оның айтуынша, елімізде жергілікті өнімдер мен ұлттық асхананың өзіндік ерекшеліктеріне негізделген дербес гастрономиялық бағытты қалыптастыруға барлық алғышарт бар.
Алматы мейрамханалары да халықаралық деңгейде танылып келеді. Қаладағы бірқатар мейрамхана The World’s 50 Best Discovery, La Liste және WHERETOEAT INTERNATIONAL рейтингтеріне еніп, Tatler Best Kazakhstan сыйлығымен марапатталған. Әлемге танымал аспаздардың Алматы гастрономиясына қызығушылық танытуы қаланың халықаралық туристік картадағы орнын нығайтуға және оны жаңа қырынан танытуға жол ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









