Жолдау: рухани құндылықтар мен экологиялық мәдениет – қоғам дамуының негізі

    1 / 5

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында облыстық халық шығармашылығы орталығында мәдениет саласының өкілдерімен кездесу өтті.

    Жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева сөз сөйледі.

    Кездесу барысында Жолдауда айқындалған ел дамуының басым бағыттары, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру тақырыптарына ерекше назар аударылды. Табиғи байлыққа жанашырлықпен қарау тек тиісті мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.

    Ерболат Қожықов Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау үшін елді мекендерді абаттандыру және экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.

    – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы бір реттік акциялармен шектелмеуі керек. Бұл бағытта жүйелі жұмыс қажет. Атап айтқанда, елді мекендерді тұрақты түрде абаттандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін дамыту маңызды. Экологиялық тәрбие мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары білім беру ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес өкілдерін қамтуы тиіс. Туған жерге жанашырлықпен қарау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналғанда ғана тұрақты әрі нақты нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Ерболат Қожықов.

    Ол сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жаңғырту мәселелеріне тоқталды.

    Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева қоғам өміріндегі мәдениеттің маңызы мен осы сала қызметкерлерінің айрықша миссиясына назар аударды.

    – Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарын айқындап берді. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған міндеттер ерекше сенім ұялатады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалардың әрқайсысы қазақстандықтардың күнделікті өмірімен тығыз байланысты.

    Елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның маңызды өлшемдерінің бірі – қоғамның рухани деңгейі, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарға деген құрметі. Осы ретте мәдениет саласы қызметкерлеріне жүктелер міндет те зор. Біз ұлттық өнерімізді дәріптеп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге үлес қосуымыз керек, – деді ол.

    Өз кезегінде Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжанова да Жолдауға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, биылғы Жолдаумен отбасымен бірге танысқан.

    – Президенттің халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне тағы да баса назар аударғаны қуантады. Біздің саламыз да назардан тыс қалған жоқ. Мәдениет туралы қысқа әрі нақты айтылды. Жуырда бірқатар мәдениет қызметкерінің мемлекеттік наградалармен марапатталуы да – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен құрметтің айқын көрінісі. Әр азамат мәдениетті дамытудың маңызын түсінуі керек деп ойлаймын. Мемлекет басшысы алдымызға қойған ауқымды міндеттер елдің өркендеуі мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жолында бүкіл қоғамның белсенді атсалысуын талап етеді, – деді актриса.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары