Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен білім беру қызметкерлерінің кездесуі өтті.
Кездесуді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов ашып, іс-шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру және Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясының қорытындыларын талқылау екенін атап өтті.
Қайрат Жұманов өз сөзінде Мемлекет басшысы білім сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын дамытуға, инклюзивті оқытуды жетілдіруге және педагогтардың кәсіби қызметі үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударғанын атап өтті. Алға қойылған міндеттердің қатарында – мұғалімдерге түсетін жүктемені азайту, оларды артық қағазбастылықтан арылту, педагогикалық мамандықтың беделін қорғау және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу бар. Бұл ретте ол білім сапасы мен өскелең ұрпақты тәрбиелеу көп жағдайда мұғалімдердің еңбегіне байланысты екенін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымдағы депутаты, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет мүшесі Ләззат Жылқыбаева сөз сөйледі. Ол Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттерге ерекше назар аударды.
– Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында мұғалім мәртебесін арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – бүкіл қоғам алдында тұрған міндет. Одан кем емес маңызды мәселе – педагогтарға түсетін жүктемені азайту. Бүгінде білім беру жүйесіндегі цифрлық платформалардың көптігі, керісінше, олардың жұмысының көлемін арттырып жіберді. Сондықтан кейбір тәсілдерді қайта қарау қажет. Тағы бір мәселе инклюзивті білім беруге қатысты. Қазір ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту жауапкершілігін іс жүзінде тек мектептерге ғана жүктеп қойдық. Бұл дұрыс емес. Бұл жұмысқа денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелері де белсенді түрде араласуы керек. Сонымен қатар, мұғалімдердің жеке деректерін қорғауға ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті Ләззат Әуесханқызы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді саралай келе.
Содан кейін сөз Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, белгілі журналист, Қазақстан журналистика академиясының академигі Нұртөре Жүсіпке берілді.
– Мемлекет басшысы білім беруді дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде оқу үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект белсенді түрде енгізілуде. Әрине, бұл жаңа мүмкіндіктер ашады, бірақ сонымен қатар белгілі бір тәуекелдерді де тудырады. Егер жас ұрпақ жасанды интеллектке шамадан тыс арқа сүйейтін болса, ол сыни ойлау және өз бетінше шешім қабылдау қабілетінен айырылуы мүмкін. Сондықтан мұғалімдердің міндеті – өз армандарына адал болып, елге қызмет етуге ұмтылатын ұрпақ тәрбиелеу. Президент елдің болашағы үшін жастарды тәрбиелеудің маңызы зор екенін алдыңғы Жолдауларында да бірнеше рет атап өткен болатын. Өйткені адами капиталдан асқан құнды байлық жоқ, – деді Нұртөре Байтілесұлы.
Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Президент Жолдауының экономикалық аспектілеріне назар аударды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы экономикаға жаңа серпін беруге, қаржы нарығын реттеуге және инвестиция тарту жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар бастамаларды белгіледі.
Ол «Халық құрылысы» бастамасына жеке тоқталды, бұл әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Осы бағдарлама аясында жаңа мектептер мен ауруханалар салу жоспарлануда. Бұл үш ауысымды мектептердің санын азайтуға, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында педагогтар республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, инклюзивті білім беруді дамыту және мектептерді күрделі жөндеу мәселелері сөз болды. Талқылау ашық пікір алмасу форматында өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









