Қарағандыда жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды

    1 / 16

    Қарағандыда жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізілген жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды. Мұнда дәстүрлі қызмет көрсету тәсілдері заманауи цифрлық шешімдермен толықтырылған. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жаңа кеңістік, тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді жылдам, ыңғайлы әрі өз бетінше алуға мүмкіндік береді.

    Цифрлық кеңсенің салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Қарағанды облысы әкімінің аппарат басшысы Ерлан Галиев қатысты.

    «Біз азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Қарағандыда AI-кеңсенің ашылуы - осы бағыттағы кезекті қадам. Біздің мақсатымыз - тұрғындарға қажетті мемлекеттік қызметтерді заманауи цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, өз бетінше әрі қолайлы форматта алу мүмкіндігін ұсыну. Бұл - Қарағанды тұрғындары үшін тиімді болып, уақыттарын үнемдеуге және күнделікті мәселелерін жайлы жағдайда шешуге септігін тигізеді деп сенемін» - деді Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ басқарма төрағасы.

    Жаңа кеңістіктің дәстүрлі ХҚКО-лардан ерекшелігі - қызмет көрсету үдерістерін автоматтандыруға және тұрғындардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұнда келушілер қажетті кеңес алып, құжаттарын рәсімдеумен қатар, заманауи цифрлық сервистерді өз бетінше пайдалануды үйренеді.

    Сонымен қатар, жаңа кеңседе азаматтарға арналған цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша тегін оқыту сабақтары ұйымдастырылған. Мамандар келушілерді электрондық сервистермен таныстырып, оларды алдағы уақытта өз бетінше қолдану жолдарын үйретеді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді.

    Бұдан бөлек, балаларымен бірге келетін азаматтарға ыңғайлы болуы үшін кеңседе арнайы ойын аймағы қарастырылған. Бұл ата-аналар мемлекеттік қызметтерді рәсімдеп жатқанда балалардың уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Цифрлық кеңсе Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "ГУ «Аппарат акима района Әлихан Бөкейхан города Караганды»" жаңалықтары