Алға қаласында №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі толыққанды іске қосылды

    1 / 9

    Алға қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмысын бастады. Жаңа спорт нысанында алғашқы болып жүзу үйірмесі 150 бала қабылданды.

    Жүзу спорты бойынша жаттығу сабақтарын екі жаттықтырушы – Қабиев Ислам мен Бегалиев Данабек жүргізбек. Әр жаттықтырушының жетекшілігімен үш топ жасақталған. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, бекітілген сабақ кестесі бойынша шынығады.

    Оқушылар екі ауысымда қамтылған. Түске дейін 75 бала, түстен кейін тағы 75 бала жүзу дағдыларын меңгереді. Жаттығу сабақтары таңғы сағат 08:00-ден кешкі 18:30-ға дейін жалғасады.

    Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, спорт мектебін іске қосу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары толық аяқталған.

    «Алға қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі өз жұмысын бастады. Қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда жүзу спорт түрі бойынша 150 бала қабылданып, оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта волейбол, футбол, баскетбол, дзюдо, асық ату және басқа да спорт түрлері бойынша балалар қабылданады. Бұл – аудан тұрғындары көптен күткен әлеуметтік нысан. Балалардың қуанышында шек жоқ. Біз бұқаралық спортты дамыту және өскелең ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандырамыз», – деді Самғат Артығалин.

    Жаңа спорт мектебінің ашылуы балалар үшін спорттық мүмкіндіктер аясын кеңейтіп отыр. Мұнда жүзумен айналысып жүрген жас спортшылардың бірі – 11 жастағы Асылзат. Ол бассейннің ашылғанына қуанышты екенін айтып, алдағы мақсатына тоқталды.

    «Кішкентай кезімнен жүзуді жақсы көремін. Бассейннің ашылғанына өте қуаныштымын. Алдағы уақытта жарыстарға жиі қатысып, өз шеберлігімді шыңдағым келеді», – деді ол.

    Спорт кешенінің мүмкіндіктерін баскетбол үйірмесінің тәрбиеленушілері де жоғары бағалап отыр. №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушысы Еркеназ төрт жылдан бері баскетболмен айналысып, аудандық және облыстық жарыстарға қатысып келеді.

    «Мен №3 Алға қазақ орта мектебінің баскетбол үйірмесіне төрт жылдан бері қатысып келемін. Аудандық және облыстық жарыстарда өнер көрсеттім. Осындай кең әрі заманауи спорт кешенінде алғаш рет жарыс өткізіліп отыр. Спортзал жарық, кең және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта үлкен жарыстарға дайындық жұмыстарымыз осы кешенде өтеді. Барлық спортшығс сәттілік тілеймін!» – деді Еркеназ.

    Айта кетейік, спорт мектебінде барлығы сегіз спорт бағыты бойынша үйірме ашу жоспарланған. Атап айтқанда, волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, дзюдо, асық ату және басқа да спорт түрлері бойынша балалар рет-ретімен қабылдау қабылданады.

    Жаңа спорт нысаны Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған бұқаралық спортты дамыту, балалардың спорттық қабілетін шыңдау және өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары