Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарды түсіндіру және бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдау мақсатында Ақтөбе қаласында кәсіпкерлермен кездесу өтті.
«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында ұйымдастырылған жиынға Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин және Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан қатысты. Кездесуге өңірдің 100-ге жуық кәсіпкері жиналып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бизнес саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жиынды жүргізген өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, «Дастан» компаниялар тобының жетекшісі Асхат Айтжанов Жолдауда кәсіпкерлікті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту, салық заңнамасын жетілдіру және отандық бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне басымдық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамаларды кәсіпкерлермен бірге талқылап, олардың ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізудің маңызы зор.
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова өңірлерге жұмыс сапарын Ақтөбеден бастағанын айтып, кездесудің басты мақсаты кәсіпкерлермен ашық диалог орнатып, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау екенін жеткізді.
– Жолдауға дейін елімізде ауқымды саяси өзгерістер мен жаңару үдерістері жүзеге асты. Бір палаталы Құрылтай құрылып, вице-президент және Халық Кеңесі институттары енгізілді. Жаңа Конституция күшіне енді. Ендігі кезеңде осы реформалардың нәтижесін нақты экономикалық шешімдерден көріп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға басымдық берілуі керек. Бұл ретте кәсіпкерлік қауымдастықтың орны ерекше. Сіздер күнделікті жұмыстарыңызда өңірдегі өзекті мәселелерді жақсы білесіздер. Сондықтан бүгін біз үшін сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау маңызды, – деді депутат.
Сонымен қатар ол Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар міндет белгіленгенін атап өтті.
Кәсіпкерлік саласындағы заңнамалық өзгерістерге де тоқталған депутаттың айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қарастырылуда. Қазіргі уақытта бұл бастаманы іске асыру тетіктері Үкіметпен бірлесіп пысықталып жатыр.
Сондай-ақ 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, қабылдау жоспарланған. Салық кодексіне де кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Осы орайда Лаура Қарабасова бизнес өкілдерін толғандырған мәселелерді тиісті комитеттер деңгейінде қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде ғылым мен өндіріс байланысын нығайтуға бағытталған салықтық жеңілдіктер де түсіндірілді. Биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыратын бизнес субъектілеріне салықтық преференциялар қарастырылған. Атап айтқанда, ғылымға салынған қаражаттың үш еселенген мөлшерін салық салынатын кірістен шегеру мүмкіндігі бар. Бұл, әсіресе, орта және ірі кәсіпорындарға ғылыми жобаларды қолдауға, өндірістік үдерістерге жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин Жолдауда көтерілген қоғамдық келісім, ел бірлігі мен азаматтық жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, экономикалық реформалардың нәтижелі жүзеге асуы қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенімге тікелей байланысты. Бұл ретте кәсіпкерлердің өңірдің әлеуметтік дамуына қосатын үлесі, жаңа жұмыс орындарын ашуы және қоғам алдындағы жауапкершілігі ерекше маңызды.
Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан саланы дамыту, өндірістік қуаттарды арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, экономиканың тұрақты дамуы үшін сенімді энергетикалық база қалыптастыру қажет. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын іске қосу, инвестиция тарту, энергиямен жабдықтау жүйесін жетілдіру және кәсіпкерлік нысандарын тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ету өзекті міндеттердің бірі болып қала береді.
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, спикерлерге сауалдарын жолдады. Сондай-ақ бизнесті дамыту, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдай қалыптастыру жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








