Ақтөбеде Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

    1 / 7

    Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

    Жиынға Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин, Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

    Кездесу барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттарына тоқталып, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңызын түсіндірді.

    Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова білім мен ғылымды дамыту, білім сапасын арттыру және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағыттары талқыланды.

    — Еліміздің технологиялық дамуы білікті ғалымдар мен сапалы ғылыми зерттеулерге тікелей байланысты. Сондықтан жас мамандарды ғылымда ұстап қалу, ғылыми ұжымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру маңызды. Осыған байланысты іргелі ғылымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарының мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл ұзақ мерзімді зерттеулерді жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар гранттық конкурстардың өткізілу мерзімін нақты бекітіп, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Ғылымның дамуы мемлекет, уәкілетті органдар, университеттер мен ғылыми қауымдастықтың ортақ жауапкершілігіне байланысты. Біздің мақсатымыз — ғалымдарға тұрақты жағдай жасап, отандық ғылымның әлеуетін елдің технологиялық және экономикалық дамуына бағыттау, — деді Лаура Қарабасова.

    Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан энергетика саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Ол энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа қуат көздерін дамыту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту мәселелерін қозғады.

    — Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы жаңғырту, білім сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту міндеттері белгіленді. Әсіресе, энергетика саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін білікті инженерлер мен заманауи технологияларды меңгерген мамандар қажет, — деді ол.

    Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин жастарға сапалы білім алудың маңызын атап өтіп, ел дамуына үлес қосу үшін білімді әрі белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, осы бағыттардағы жастар бастамаларының маңызын атап өтті.

    Кездесу соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асырудағы білімді, бастамашыл және белсенді жастардың рөлі жөнінде пікір алмасты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары