Елордада білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған төрт күндік оқыту курсы өтті. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың экстремистік әрекеттерге тартылу қаупін дер кезінде анықтау және оның алдын алу жолдарын үйрету.
Оқытуды «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының мамандары дінтанушылар, теологтар және тәжірибелі психологтармен бірлесіп ұйымдастырды.
Курсқа барлығы 20 маман қатысты. Олардың қатарында 17 психолог, тәрбие жұмысы жөніндегі директордың 2 орынбасары және Орал қаласынан келген психологиялық көмек көрсету қызметін ұйымдастыруға жауапты директордың 1 орынбасары болды.
Оқыту барысында қатысушылар экстремизмнің алдын алудағы халықаралық тәжірибемен, Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнамасымен, ата-аналармен жұмыс жүргізу тәсілдерімен және жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету әдістерімен танысты. Сабақтарды дінтанушылар, теологтар, психологтар және халықаралық деңгейдегі сарапшылар жүргізді.
Курстың басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделген оқыту форматы. Дәстүрлі дәрістердің орнына қатысушыларға тренингтер, топтық тапсырмалар және мектеп өмірінде кездесетін нақты жағдайларды талдау ұсынылды.
Қорытынды тәжірибелік тапсырма барысында теологтар радикалды көзқарастағы жасөспірімдердің рөлін сомдады. Ал педагогтер олармен дұрыс диалог орнатып, жағдайды кәсіби тұрғыдан бағалау және ықтимал қауіптердің алдын алу бойынша өз дағдыларын көрсетті.
Оқу соңында қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, сабақтардың сапасына анонимді түрде баға берді және сертификаттар алды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, курс барысында меңгерілген білім мен тәжірибелік дағдылар педагогтерге оқушылардың экстремистік идеологияның ықпалына түсу қаупін дер кезінде анықтауға, олардың алдын алуға және жасөспірімдерге қажетті психологиялық қолдау көрсетуге көмектеседі.
Материал Астана қаласы ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








