Қызылорда облысының Қазалы ауданы мен Байқоңыр қаласында тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – қоғамда діни экстремизм мен терроризм идеологиясын алдын алу, азаматтарды күмәнді діни ағымдардың ықпалынан қорғау және діни сауаттылықты арттыру.
Теолог мамандар тұрғындармен еркін форматта кездесіп, экстремистік ұйымдардың қоғамға тигізер зияны, олардың арбау тәсілдері және жастарды тарту жолдары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған діни ақпараттардың қауіптілігіне ерекше тоқталды. Теологтардың айтуынша, мұндай ұйымдар көбінесе жастарды психологиялық тұрғыдан ықпал ету арқылы өз қатарына тартады. Олар діни білімнің таяздығын пайдаланып, өздерінің теріс пиғылды мақсаттарын «дін жолы» ретінде көрсетеді.
Акция барысында тұрғындарға экстремистік ұйымдардан сақтанудың нақты жолдары ұсынылды: діни мәселелер бойынша тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне жүгіну, белгісіз адамдардың күмәнді діни үгіт-насихатына ермеу, әлеуметтік желідегі діни топтар мен парақшаларды мұқият сүзгіден өткізу, кез-келген күмәнді жағдай туралы тиісті мекемелерге хабарлау.
Сонымен қатар, ата-аналарға балаларымен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың интернеттегі белсенділігін бақылап отыру керектігі ескертілді. Іс-шара соңында тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








